Қазақстан ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков Facebook желісінде ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі ахуалға байланысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, суық әрі ұзаққа созылған көктем, жауын-шашынға сараң, құрғақ жаз салдарынан жайылымдар мен шабындықтарда шөп бой көтермей, күн ыстығына жұтап, бірден қурап кеткен. Осыған байланысты биыл мал өсірушілерге өте қиын әрі күрделі жыл болып тұр.
"Келесі жылдың малға мамыражай болатынына ешбір кепілдік жоқ. Фермерлер алаңдап, шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды, малды сойып, немесе тірідей арзан бағамен сатады. Мал және ет бағасы құлдырайды. Бірақ, қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің (ет, сүт, май және тағы басқа өнімдер) құны күрт өсуіне әкеліп соғады", – деп жазды Асылжан Мамытбеков.
Ет одағының төрағасы елді дүрліктірген картоптың екі апталық проблемасын "алдап-сулап, сөзбен сылап-сыйпап" еңсеруге мүмкіндік болса, ет пен сүтке бағаның күрт өсуінің салдары картопқа қарағанда әлдеқайда сұрапыл болатынын айтып отыр.
Үкімет пен әкімдіктер бұл мәселе тек мал өсірушілерге тән түйткіл емес екенін түсіну керектігін ескерткен маман мәселені шұғыл шешу қажеттігін айтып, бірқатар ұсынысын жеткізді:
- ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлеу;
- қолданыстағы несиелердің мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау;
- азық сатып алуға мұқтаж фермерлерге қолайлы шарттармен жаңа несиелер мен уақытша қаржылай көмек ұсыну;
- астық өсіретін өңірлерде дәнді дақылдарды ору кезінде сабан жинау бойынша жұмысты ұйымдастыру;
- сабанды басқа өңірлерге көлікпен жеткізуді жолға қою;
- шөпке мұқтаж фермерлерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда – ұлттық парктер, қорықтар, орман шаруашылығы кәсіпорындары, жабайы табиғат қорықтарында және басқа да ерекше қорғалатын жерлерде шөп шабу мен жинауға мүмкіндік беру;
- ой-қырдағы, өзен мен көлдердің маңындағы қамыс, жантақ, малға азық болатын шөптің бәрін ору жұмысын ұйымдастыру;
- жеке қосалқы шаруашылықтардың қысқа мал азығын жинауына көмектесу;
- жем-шөп дайындау үшін жеңілдікпен жанармай беру.