Мәжілістің жалпы отырысында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасы қаралды. Депутат Асхат Аймағамбетов бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстау нормасы неге енгізілмегенін сұрады.
"Бірнеше апта бұрын педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы заңды қабылдадық. Бұл – маңызды заң. Енді олар өмір бойы түрмеде отыру керек", – деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл норма осы заң шыққанға дейін сотталған педофилдерге қатысты емес.
"Енді алдында сотталғандар бірте-бірте бостандыққа шығады. Біз бұған қатысты бір норманы ұсындық. Бостандыққа енді шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу. Бұл дегеніміз – бостандыққа шығатын педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстау, олар қайда жұмыс істейді, қай жерде тұрады, қажет болған жағдайда олар туралы мәліметтерді картаға шығарып қою. Педофилдер ешқашан өзгермейді. Оны мен емес, ғылым көрсетіп отыр. Бұл норма неге қолданылмады? Біз сонда кімді қолдап отырмыз?", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады – заң жобасы
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл сұрақты жауапсыз қалдырып, ол бойынша әлі де талқылауға шақырды.