Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов: Аутизммен ауыратын балалар саны тез өсіп келеді, арнайы орталықтар ашу қажет

Министр ПМПК нормативін 60 мыңнан 50 мыңға дейін төмендету қажет екенін айтты.

Жергілікті атқарушы органдар ПМПК ашқанымен, олар кадр мәселесіне келгенде қиындықтарға тап болады. Осы орайда, кадр тапшылығы мәселесін жолға қоюымыз қажет, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

"Аутизммен ауыратын балалар мәселесіне баса назар аударғанымыз жөн. Осы күнге дейін 10 түрлі ауытқумен жұмыс істеп келдік. Бізде арнайы мектептер, білім ұйымдары, әдістеме және педагогтер, қажетті инфрақұрылым бар. Қазіргі таңда аутизммен ауыратын балалар саны тез өсіп келеді. Геометриялық прогрессияда деп те айтуға болатын шығар. Сол себепті, бірінші кезекте арнайы мамандар даярлап, кадрлармен жабдықтауымыз қажет. Екіншіден, әлі де аутизм орталықтарын ашу мәселесі тұр", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мұнымен қатар, БҒМ басшысы ПМПК бойынша әлі күнге дейін кезек мәселесі реттелмегеніне тоқталды. Бұл мәселенің шешімін табуға бір апта уақыт берді. Сондай-ақ, ПМПК нормативін 60 мыңнан 50 мыңға дейін төмендету қажет екенін айтты. Яғни елде әлі 40 ПМПК ашылуы қажет.

"Шетінен жергілікті атқарушы органдардың ПМПК аша бастайтыны түсінікті. Ашумен байланысты қиындықтар шешілгенімен, олар кадрмен жабдықтауға келгенде қиындықтарға тап болады. Өткен жылы арнайы мамандарға деген мемлекеттік тапсырыс көлемін 5 есеге дейін ұлғайттық. Әлі де мұның артық не кем екенін анықтау үшін анализ жүргізуіміз қажет. Екінші мәселе – мамандар даярлайтын ЖОО-лардағы бағдарламаны сараптау. Үшінші мәселе – біліктілікті көтеру. Жалпы балалармен жұмыс істеп жүрген мамандарды қайта даярлау қажет. Төртінші – қайта даярланатын мамандарға акватерапия сияқты жаңа әдістемелерге үйрету. Мұның барлығын жүзеге асыру үшін қандай шараларды қолға алуымыз керек? Біліктілікті қалай арттырамыз? Бәлкім "Болашақ" бағдарламасы арқылы жүзеге асыруға болатын шығар", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.

Мектепке дейінгі арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ҰҒП орталығының директоры Әйгерім Күдеринованың айтуынша, Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарында аутизм орталықтарын ашу мәселесі жолға қойылмаған. Осы орайда, министр аталған өңірлердің жұмысын сынға алды.

"Егер аутизм орталықтарын ашу 2022 жылға жоспарланып отырса, жұмысты жыл басынан бастау қажет. Әріптестер, түсіністік танытуымыз керек. Сіздер бұл проблемамен бетпе-бет келмегендіктен, бұл жұмыстарға немқұрайлы қарайсыздар. Нақты осы балалар ерекше қолдауымызға зәру. Сол себепті аутизм орталықтары, инклюзивті білім, кадр даярлау, тьютерлер штаты – мұның барлығы өте маңызды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, Қазақстанда көзі нашар көретін балалардың 11 пайызы ғана арнайы оқулықпен қамтылғанын хабарлаған едік. Мектептерге "педагог ассистент" лауазымы енгізілгелі аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсету 98%-ды құрады.

Серіктестер жаңалықтары