
18 сәуір күні сағат 10 00-де Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Ұлттық кітап күніне орай "Кітап сарқылмас рухани қазына" атты ашық есік күні өтеді, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.
Шараның негізгі мақсаты – кітап мәртебесін көтеру, ұлттық құндылықтарды болашақ жастардың бойына сіңіріп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың кітапқа, ғалымдарға және кітап жасау өнеріне деген құрметін іс жүзінде жас ұрпақтың алдында тәжірибе негізінде көрсету арқылы насихаттау.
"Көне қолжазба кітаптарының оқырман қолына тимес бұрын күрделі еңбекті қажет ететіндігін жас ұрпаққа жеткізу, кітаптарды ұқыпты сақтау және пайдаланудың маңызын түсіндіру қажет. Өз халқының тарихын білу, құрметтеу маңызды. Қолжазбаларды жазудағы ортағасырлық тәсілдерді, құралдарды пайдалана отырып, жастарға кітапты тігу, түптеу бойынша шеберлік сынып өткізуді, жас ұрпақты ата-бабаларымыздың кітап түптеу тәсілдерімен таныстыру, маңыздылығын жан-жақты насихаттауды көздейміз", – делінген ресми хабарламада.
Ашық есік күніне мектеп оқушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады.
Еске салайық, Қазақстанда 23 сәуір күні Ұлттық кітап күні болып бекітілді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық кітап күні белгіленеді