Астанада құрылыс жұмыстары 2011 жылы басталған "Триумф Сити" тұрғын үй кешенінің бірінші кезек үлескерлері баспаналы болды. Қазір тұрғын үй кешенін абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.
"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС тарапынан осы үйдің құрылысын аяқтау, құжаттарын ретке келтіру бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілді. Ал екінші-үшінші кезектің тұрғындары жақын арада пәтерлерінің кілтін алады деп жоспарланып отыр", – деп жазды Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталған. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілген.
"Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалды. Олардың бір бөлігі аяқталды, ал қалғанын осы жылдың маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар", – деді Астана әкімі.