Астанада мәдениет, ғылым, медиа және спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен 20 жас "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Олардың қатарында халықаралық және республикалық конкурстар, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорт жарыстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жастар бар.
Лауреаттар "Ғылым", "Эстрада", "Классикалық музыка", "Халық шығармашылығы", "Спорт", "Дизайн және бейнелеу өнері", "Журналистика", "Қоғамдық қызмет", "Театр және кино", "Әдебиет" номинациялары бойынша анықталды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде жастар саясаты саласында жыл санап жаңа буынды қолдауға бағытталған шаралар мен жобалар артып келе жатқанын атап өтті.
"Мемлекет басшысы әрдайым өз сөздерінде жастарға қолдау білдіріп, үлкен сенім артып келеді. Президенттің әр Жолдауы, қолға алған реформалары мен бастамалары – жастардың болашағы мен игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл реформалардың өзегі – Әділдік, Заң мен тәртіп, ашықтық пен жауапкершілік секілді құндылықтарға негізделген. Әсіресе, "Заң және тәртіп", "Таза Қазақстан" бастамалары мен жаппай волонтерлік акцияларды жастардың зор жауапкершілікпен және үлкен ынтамен қолдап келе жатқаны қуантады. Бұл ауқымды бастамалардың барлығы – жаңа идеологияның маңызды бөлігі. Ал осы идеологияны жүзеге асыратын да, оны алға жетелейтін де – өздеріңіз", – деді министр Аида Балаева.
2025 жылғы жеңімпаздардың қатарында танымал қазақстандық әнші Еңлік Құрарбек (Yenlik), "Славян базары-2024" халықаралық вокалдық байқауының бас жүлдегері Ерназар Жұбан, "Қайрат" футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев бар.
Еске салайық, 30 жылдан астам уақыт ішінде бұл сыйлықты 360-тан аса жас қазақстандық иеленген. Осыған дейін Нұрлан Өнербаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Денис Тен, Қыдырәлі Болманов, "МузАРТ", "Бәйтерек" топтары, Серік Ибрагимов, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген және тағы басқа көптеген өнерпаздар мен спортшылар марапатталған.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59

