Тікелей эфир

Астанада Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Қабылдау кестесі Үкімет сайтында жарияланады

Апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке, ал өңір тұрғындарын онлайн қабылдайды.

Астанада Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Ол Министрліктер үйінде (16-шы кіреберіс) орналасқан, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құру. Ал оның жұмысының негізгі қағидаттары – клиентке бағдарлану, өтініш берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жалпы осы салаға жаңа стандарттарды енгізу.  

Орталық базасында келушілер өздеріне ыңғайлы жағдайда кез келген мемлекеттік органға өтінішін бере алады, сондай-ақ ХҚКО-ға ұқсас түрлі ведомстволар өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар, мұнда азаматтар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады. 

Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды, кесте Үкімет сайтында алдын ала жарияланатын болады. Бұл ретте өңірлердің тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ, өйткені оларды онлайн-форматта да қабылдау жүргізіледі. 

Жаңа орталықтың базасында цифрлық ХҚКО іске қосылды, ол арқылы онлайн режимінде 1220 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. 

Орталықта ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, қылмыстық іс жүргізу немесе азаматтық іс жүргізу заңнамасында қарау тәртібі белгіленген өтініштер қабылданбайтынын атап өткен жөн. Бұл мәселелер бойынша азаматтар тиісті құқық қорғау немесе сот органдарының фронт-офистеріне жүгінуі тиіс. 

Тұтастай алғанда, кешенді тәсіл жаңа орталықты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың және жұртшылықтың ең өзекті мәселелер төңірегіндегі өзара іс-қимылы жолға қойылған әрі сұранысқа ие диалог алаңына айналдырады деп күтілуде.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары