USDUSD: 500.5 / 503.1
  • EUREUR: 542.5 / 546.5
  • RUBRUB: 5.69 / 5.83
Тікелей эфир
Алматы +13C
Все города

Астанада әйелдер денсаулығына арналған ашық талқылау өтті

Фото: Kazakhstan Women’s Health жобасы
Фото: Kazakhstan Women’s Health жобасы
Ләйлә Сұлтанқызы, Гүлмира Абдрашева, Айнұр Төлетова және Назым Жанғазинова Kazakhstan Women’s Health жобасының амбассадоры болып тағайындалды.

Елордада әйелдер денсаулығы, контрацепция және қоғамның әйелдердің репродуктивті құқығы туралы түсінігін арттырып, ақпараттық тұрғыдан көкжитегін кеңейтуге арналған ашық талқылау өтті. 

Іс-шараны Gedeon Richter Kazakhstan компаниясы Kazakhstan Women’s Health жобасы аясында ұйымдастырса, отырысты ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова жүргізді.

Фото: Kazakhstan Women’s Health жобасы

Мұндағы басты мақсат – қоғам назарынан тыс қалып жүрген жабық тақырыпты ашық талқылауға арналған шынайы пікір алмасу алаңын құру. Талқылауда сөз алған әр маманның пікірі құлақ түрерлік. Мәселен, жоғары санатты акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы Айнұр Төлетова кең таралған гинекологиялық аурулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, заманауи контрацепция әдістері және жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесінің маңызы туралы баяндады. 

Ең екпін түсіретін тұс – ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама   қорытындысы болды. Зерттеу нәтижесінше, респонденттердің 73 пайызы жедел контрацепцияның бар екендігін біледі. Яғни, бұл қоғамда осы тақырып бойынша ақпараттың біртіндеп көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Ал енді сауалнамаға қатысушылардың 43 пайызы жедел контрацепция "бедеулікке әкелуі мүмкін" деп есептесе, 55 пайызы оны түсік жасатумен теңестіреді екен. 

Бұл тұрғыда акушер-гинеколог Айнұр Төлетова мұндай қасаң, жансақ пікірлерді жоққа шығарды. 

"Жедел контрацепция препараттары ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етпейді. Олардың әсер ету механизмі уақытша және репродуктивті жүйеге зиян келтірмейді. Бұл – ғылыми дәлелденген факт. Препараттар овуляцияны немесе ұрықтануды болдырмайды, бірақ жүкті болған жағдайды үзбейді. Контрацепция – бұл денсаулыққа қауіп емес, керісінше, күрделі жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі", – деп түсіндірді маман. 

Фото: Kazakhstan Women’s Health жобасы

Негізін 1901 жылы қалап, Қазақстан фармацевтикалық нарығына 1996 жылдан бастап енген "Гедеон Рихтер Қазақстан" инновациялық фармацевтикалық компаниясының өкілі Динара Бірмағанбетова қазіргі кезде әйелдер денсаулығына қатысты мәселенің ашық талқылана бастағанын оң бағалап: "Әйелдер сенімді ақпаратқа қол жеткізіп, денсаулығына қатысты шешімдерді уақытылы қабылдай алуы өте маңызды" дегенді жеткізді. 

Сондай-ақ, шараға қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері мен медиа тұлғалар, оның ішінде тележүргізуші, журналист және медиаменеджер, Maryam қорының негізін қалаушы Ләйлә Сұлтанқызы және "Жақсылық клубы" қайырымдылық қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева түрлі қиын жағдайларға тап болған әйелдерге көмек көрсетуге қатысты өз тәжірибесін әңгімеледі. 

Кездесу барысында Ләйлә Сұлтанқызы, Гүлмира Абдрашева, Айнұр Төлетова және Назым Жанғазинова Kazakhstan Women’s Health жобасының амбассадоры болып тағайындалды. 

Серіктестер жаңалықтары