Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған бірқатар нысанның құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы ол Instagram парақшасына жазды.
Бұл ұрғын үй кешендері: "Территория комфорта – 1" 2-кезек, "Триумф Сити", "Future home" тұрғын үй кешендері. Үлескерлердің жалпы саны – 800-ге жуық отбасы.
"Территория комфорта" тұрғын үй кешенінің құрылысы осыдан 20 жылдай уақыт бұрын басталған. Техникалық тексеру кезінде ғимараттың апатты жағдайда екені анықталды. Тиісінше апатты күйдегі тұрғын үй кешенінің барлық блогын бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
"2021 жылы "Территория комфорта" тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, 100-ден астам үлескер отбасы пәтер кілтін алған. Қалған блоктар бойынша жұмыс жүріп жатыр. "Триумф Сити" мен "Future home" тұрғын үй кешендерінің құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Мысалы, «Future home» тұрғын үй кешенін өткізу кезінде 4 және 7 қабаты ғана салынған", – деп жазды қала әкімі.
Оқи отырыңыз: Астанада былтыр тамызда берілуі тиіс пәтеріне кіре алмай жүрген үлескерлер шу шығарды.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігін қазірдің өзінде аяқталды.
"Үлестік құрылыс нысандары бойынша қадамдық іс-шара жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында", – деп жазды ол.