Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 21 қазандағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі отырысындағы орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында Шымкент қаласындағы "Шымсая" шатқалында "Ассамблея жастары" РҚБ Шымкент қалалық өкілдігі мүшелері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен волонтерлардың қатысуымен "Ағаш отырғызу – сауапты іс" тал егу акциясы өтті.
Акция барысында шатқал маңында 6 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызылды. Сонымен қатар, аталған ағаш егу акцияларына Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан "Жасыл ел" еңбек жасақтарының құрамына енгізілген жастар да белсенділік танытып жатыр.
Шымкентте 2022 жылдың 5 қарашасынан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде: Дендросаябақ аумағына 5 мың көшет, аудан әкімдіктерімен көше бойларына 35 696 көшет, "Жасыл белдеу" КММ жерлеріне 120 мың көшет отырғызу көзделіп отыр.
Айта кету керек, Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жұмыстарына жастарды тарту мақсатында 2021 жылы "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Ұйымның Шымкент қалалық өкілдігі 2022 жылғы 1 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өтіп, қарқынды жұмыс жасап келеді. Ұйымның төрағасы – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 2-курс студенті Нұрболат Мейірбеков.
Бүгінде жүзден астам этнос өкілдері мекен ететін өңірімізде 17 этномәдени бірлестіктің жанынан жастар қанаттары құрылған. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 29 "Достық" клубы ашылып, жұмыс жасайды. Қазіргі таңда ұйымның қалалық штабына 20 жас мүшелік етеді. Олардың қатарында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар қанаттарының, "Достық" клубтарының мүшелері, тағы басқа жастары бар.
Жыл басынан бері "Ассамблея жастары" РҚБ Шымкент қалалық өкілдігі мүшелерінің қатысуымен 62 іс-шара ұйымдастырылып, оған жалпы 6 мыңнан астам жастар қатысты.