Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскери кафедралардың басшыларына офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларын қайта қарауды тапсырды.
Оның айтуынша, Қарулы күштер ұсынған критерийлер ескерілуге тиіс.
"Қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, ел президенті – Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы азаматтарды әскери қызметке дайындау мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Әйтсе де біз запастағы офицерлерге тиісті көңіл бөле бермейміз. Әскери кафедралардың барлық қызметі әскери іс бойынша берік білім алуға бағытталуы тиіс. Әскери кафедралардың қызмет аясы кеңеюі керек. Олар жастарды әскери даярлау және әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарына айналуға тиіс", – деді қорғаныс министрі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери міндеттілерді әскери дайындау мен қайта дайындауды жетілдіру бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жаңа талаптар шеңберінде Қорғаныс министрлігіне білім беру ұйымдарында әскери дайындықты мониторингілеу және талдау құзыреті беріледі. Сонымен қатар әскери кафедраларда жекелеген тапшы мамандықтар бойынша запастағы қатардағы жауынгерлерді дайындау енгізіледі.
"Әскери кафедра бұл әскери билет алудың немесе қызметтен жалтарудың мүмкіндігі емес. Біріншіден, бұл біздің резервіміз. Әскери кафедраны бітірген офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскерлерге келіп, алған білімдерін іс жүзінде қолдануы керек. Ал сіздердің міндетіңіз – оларды жоғары патриотизм рухында тәрбиелеу", – деді министр.