24 ақпан күні Республика сарайы сахнасында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов негізін қалаған "Жаңа ғасыр" театры көрермен назарына "Алматы – махаббатым" концерт-спектаклін ұсынды. Еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматы қаласына арналған бұл қойылым – ерекше әсер сыйлаған рухани кештердің бірі. Мұнда шаһардың әсем келбеті ғана емес, түрлі тағдыр иелерінің өмірі, олардың махаббаты мен сағынышы әдемі әнмен өріліп, сахналық көрініспен астасады.
Кеш барысында ескі болса да есті, жүрекке жақын әндер шырқалып, көрерменді өткен мен бүгіннің арасындағы әсерлі сапарға жетеледі. Әр ән – бір тағдыр, әр әуен – бір естелік іспетті.
Бұл спектакльдің мән-маңызы оның рухани салмағымен де айқындалады. Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов көрген соңғы қойылым дәл осы "Алматы – махаббатым" болғаны кештің маңызын арттыра түседі. Сондай-ақ, шәкірттерінің ұстаздары дүниеден озғаннан кейін бейнелеген алғашқы қойылымы да осы туынды болды.
Қойылымды тамашалауға Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова арнайы келіп, жүрекжарды лебізін білдіріп, спектакльдің әсерлі шыққанын атап өтті әрі өнер ұжымына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы басшысы Данияр Абзалиденұлы, "Жайықтың ақ шағаласы" атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева және пьесаның авторы Бейбіт Сарыбай сынды зиялы қауым өкілдері де кештің куәсі болды.
"Алматы – махаббатым" – бұл тек концерттік бағдарлама емес, бұл – қалаға деген шынайы сүйіспеншілік, адам жанының нәзік иірімдерін бейнелейтін сахналық туынды. Спектакль арқылы көрермен Алматының рухын терең сезініп, оның көшелері мен таулы табиғатына деген сағынышын жаңғыртты.
Мазмұны бай, сезімге толы бұл кеш ұлттық өнеріміздің құндылығын айшықтап, көрермен жүрегінен орын алған әсерлі мәдени оқиға ретінде есте қалды.