Тікелей эфир

Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі спорт мектебі мемлекетке қайтарылды

Сотта нысанның нарықтық құнын 551 миллион теңгеге төмендету көрініс тапқан заңбұзушылықтар расталды.

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Алматы қаласы прокуратурасы.

Прокуратураның мәліметінше, Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 миллиард теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылды.

"17 шілде күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, сотта нысанның нарықтық құнын 551 миллион теңгеге төмендету көрініс тапқан заңбұзушылықтар расталды.

Әкімшілік ғимараттардың, спорт залдарының және басқа да құрылыстардың 7,6 мың шаршы метр, сонымен қатар 4,9 гектар жерді құрайтын мектептің мүлкіне Арыстанбек Мұхамедиұлымен аффилиирленген тұлғаларға тиесілі "Nomad's Land" ЖШС иелік еткен.

Серіктестер жаңалықтары