Тікелей эфир

"Әр ұстаз мемлекеттік наградаға лайық". Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов педагогтарды құттықтады

"Жарық нұры ғаламның". Шымкентте қалалық "Опера және балет" театрында ұстаздар күні қарсаңында мерекелік кеш өтті.

Шараға мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, шәкірт тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан және білім саласына елеулі үлес қосып жүрген мұғалімдерді кәсіби мейрамымыен құттықтап, салтанатты түрде марапаттады. 

"Әрбір ұстаз құрмет пен мемлекеттік наградаға лайықты". Осылай деген шаһар басшысы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет екенін тілге тиек етті.

"Сіздер балаларға өмір бойы өздерімен бірге алып жүретін, болашағын және шынайы өмір жолына қажетті баға жетпес байлық –  білім бересіздер. Сонымен бірге, қаламыздың абыройын асқақтатып отырсыздар. Сіздердің арқаларыңызда Шымкент қаласының оқушылары халықаралық және республикалық пәндік білім сайыстарынан 10 алтын, 17 күміс, 33 қола жүлдені жеңіп алды. 200-ден астам оқушы жүлделі орындарды иеленді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді жас ортаға қосыларына кәміл сенеміз", – деді М. Әйтенов.

Білім саласы – негізгі жүйе құраушы сала. Қазір мегаполистегі 871 білім беру ұйымында 440 мыңға жуық тәрбиеленуші, оқушы мен студент оқиды. Бұл – әрбір үшінші шымкенттіктің осы жүйеге қатысы бар деген сөз.

Жалпы қазір қала бойынша 31 800 педагог бар. Ал мектептерде 22 112 ұстаз жұмыс істейді. Қазіргі таңда кадрлық әлеуетті дамыту бойынша мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен жоғарылап жатыр. Сонымен қатар өзіне тән емес функциялар мен тексерулерден босату бойынша шаралар қабылданды. Және біліктілік арттыру курстарынан өткізіліп, шеберлік деңгейі бар педагогтар үлесі артып жатыр. 

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолда өрлеу мен өсу тілеген қала әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен Бейсенбаева Шолпан Асылбекқызын, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, ағылшын тілі пәні мұғалімі Құрманбекова Қарлығаш Жаркынбекқызын марапаттады. 

Бірнеше ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің "Құрмет Грамотасы" мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар әрбір ұстазға шаһар басшысының ықылас гүлі тарту етілді.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары