Алматы мен Шымкент қаласының қажылыққа бармақ болған ұрғындары Kausar Travel туристік компаниясына алданғанын айтады. Олар сапарға билет алу кезінде әлеуметтік желідегі туроператорларды таңдаған. Алайда, оператор алдамшы болып шығып, қағбаны айналудың орнына қаражатын қайтара алмай жүргендердің қатары күн сайын артып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Зардап шегушілер Kausar Travel туристік операторын танымал адамдардың жарнамасына сеніп алған және билет құны да өзге компаниялардан арзан болғанын айтып отыр. Әрқайсы қасиетті сапар үшін 500 мың теңгеден төлеген.
"Менің қолымда 800 адамның тізімі бар. Алайда бұл тізімдегі адамдар саны екі есе көп болуы керек. Себебі, мысалы мен екі адамға жолдама алдым. Бірақ тізімде тек менің ғана есімім жазылып тұр. Сонда бұл тізім 1,5 мың адамға жетейін деп тұр", – дейді Алматы қаласының тұрғыны Роза Қожабаева.
Құлшылық жасауға ниет еткендер ақшасын екі-үш ай бұрын төлеп қойған. Кейбірі қаражатты жеке адамға аударым ретінде жіберсе, енді бірі қолма-қол ақшалай берген. Бірақ, туроператор оларға тек сертификат пен мөрі бар түбіртек ұсынған. Фискалды чек бермеген, келісімшарт жасамаған.
Троператордан зардап шеккендердің ішінде шымкенттіктер де бар. Олар полиция департаментіне келуден шаршағанын, тергеу ісіне де күмәні көп екенін айтып отыр. Уәдеге тойдық деген тұрғындар басқарма алдына жиналып, жанайқайын жеткізді.
"Ешқандай күмән болған жоқ. Өйткені белді, халықтың алдында жүрген тұлғалар жарнамалағаннан кейін біз бар иманымызбен сендік", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлзат Ибраимова.
Тұрғындардың айтуынша, Шымкентте 200 жәбірленуші бар. Олар бірігіп мессенджерден чат ашқан. Оған Kausar Travel операторына алданған 700-ден астам адам кірген. Чаттағылар оператордың берген чегі дүкеннен сауда жасағанда берілетін чек екенін айтып отыр.
Қажылыққа барамыз деп қаржысыз далада қалғандар тек Шымкент пен Алматы тұрғындары емес. Қалалық полиция басқармаларына Қазақстанның әр аймағынан 120 азамат арыз түсірген. Ал орталықтың өзі қазір жабық тұр. Негізін салушылардың бірі алаяқтық бабы бойынша қамауда. Күдікті ретінде әзірге бір азамат қана ұсталған.
"Қазір бұл қылмыстық іс бойынша күдікті қамауға алынған. Ол Шымкент қаласының 1996 жылы туған тұрғыны. Оның қылмыстық іс бойынша ақшаны қайтару-қайтармауы туралы тергеу құпиялылығына байланысты жария етілмейді", – дейді Шымкент қалаcы Еңбекші аудандық полиция басқармасы тергеу бастығының орынбасары Еркін Қаттабеков.
Айта кетейік, қаңтар айында қажылыққа барамыз деп Kausar Travel туроператорынан жолдама алған қазақстандықтар жолда қалған еді. Арзан бағаға сенген азаматтар компанияның әлі күнге дейін ақшасын қайтармағынан айтады.