Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Құжаттың негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуына жағдай жасау. Заң аясында қалада инновация, инвестиция және экономикалық өсімге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жаңа құқықтық әрі басқару тетіктері енгізіледі.
Конституциялық заңға сәйкес, қаланы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі іске қосылады. Онда кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойындары, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, сәулет және қала құрылысы, экология, мәдениет пен спорт секілді бағыттарды реттеудің негізгі қағидалары айқындалған.
Сондай-ақ "Алатау резиденті" атты арнайы құқықтық мәртебе енгізілді. Бұл мәртебе белгілі бір талаптарға сай келетін жеке және заңды тұлғаларға беріледі. Арнайы режимнің көлемі мен оған қатысты құқықтар мен міндеттер осы мәртебеге байланысты анықталады. Заңда қаланың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық құжаттарды қабылдау да қарастырылған. Атап айтқанда, Алатаудың даму жоспары, мастер-жоспары және дамыту стратегиясы әзірленеді.
Бұдан бөлек, қаланың қауіпсіздігі мен "ақылды қала" ретінде тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым және қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық басқару платформасына біріктіріледі.
Конституциялық заң аясында инвестициялық климат, инвесторларға берілетін кепілдіктер, салық-бюджет саясаты, дизайн және жер қатынастары мәселелері де реттеледі.
Құжат мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.