Ақтөбеде көпбалалы ана екі жылдан бері медициналық көмек ала алмай жүр. Ол үш жыл бұрын өлілер санатына еніп кеткенін біліп, есеңгіреп қалған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ақтөбелік Бота Қартбаева 2021 жылдың желтоқсан айынан бері өлілер санатында жүргенін айтады. Көпбалалы ана өзінің тірілер тізімінде жоқ екенін кездейсоқ білген. Балаларының жәрдемақысы кешіккен соң, халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Ал ондағы мамандар "сіз қайтыс болғансыз" деп, келіншекті шошытқан.
"Бұл жағдай Темір ауданында болған. Темір ауданында жол-көлік оқиғасы болған. Сол кезді учаскелік полициялар қате жіберген. Менің фамилияма ұқсас адам қайтыс болған кезде мен туралы мәліметтерді тіркеп жіберген. Учаскелік полиция бұл өзінің қателігі екенін мойындады. Екі жылдан бері анда-мында хат жіберіп жатырмын", – деді көпбалалы ана Бота Қартбаева.
Содан бері алты баласы бар ана мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Қажетті құжаттарын жинап, балаларының жәрдемақысына қол жеткізгенмен, денсаулық сақтау басқармасының дерегінде әлі бақилық болғандардың қатарында тұр. Соның кесірінен екі жылдан бері медициналық көмекке қол жеткізе алмай келді.
"Ешқандай емханаға қарала алмаймын. Еш жерге жұмысқа тұра алмаймын. Медициналық тексерістен өте алмаймын. Мен осы жағдайдан шығарып берулеріңізді сұраймын", – деді ол.
Ақ халаттылар Бота Қартбаеваның мәселесімен жақсы таныс екендерін, емдеу мекемесінің өкілдері тиісті орындарға хат жолдағандарын айтты.
"Ең соңғы электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінен келген жауабы бойынша, қайтыс болу фактісін алып тастау үшін әділет органдарына жүгіну немесе мәселені сот шешімімен шешу керек", – деді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.
Оқи отырыңыз: Дәрігер қателігі: Жатырынан айырылған әйелдердің жазығы не?
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты екі жыл бұрын желтоқсан айында болған. Қайғылы оқиға кезінде көз жұмған әйелдің жеке куәлігі болмағандықтан, куәгерлер берген қате дерекпен тіркелгенін тәртіп сақшылары жасырмайды. Сондықтан базаға өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдағандарын мәлімдеді. 38 жастағы әйелді тірілер қатарына қосу процесі қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.