Ақтөбе облысында қоғамды нашақорлықтың қауіпінен қорғау және тұрғындардың құқықтық санасын арттыру мақсатында ерекше форматтағы әлеуметтік жобалар іске асырылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Азамат Қияшев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл 24-26 қыркүйек күндері облыс орталығында үш күн қатарынан үш түрлі әлеуметтік эксперимент өткізілген. Бұл бастама Ішкі істер министрлігінің "Есірткіге қарсы әлеуметтік эксперименттер өткізу және материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау туралы" нұсқауы аясында жүзеге асырылған.
"Біздің мақсатымыз – қоғамда, әсіресе жастар арасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыру, азаматтардың заңға құрметін арттыру және олардың белсенді азаматтық позициясын күшейту. Әлеуметтік эксперименттер – бұл жай ғана бейнеролик емес, бұл халықтың шынайы реакциясын көрсететін өмірлік көрініс", – дейді полиция майоры Азамат Қияшев.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары синтетикалық есірткі түрлерінің кеңінен таралуы, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз жарнамалардың көбеюі қоғамда ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Сол себепті полиция департаменті профилактикалық жұмысты жаңаша тәсілдермен күшейтуді қолға алған.
"Біз әр тұрғынның белсенді өмір салтын ұстануына мүдделіміз. Егер адамдар өз айналасындағы заңсыз әрекеттерге бейжай қарамаса, қоғам қауіпсіздігі артады. Ал бұл тәжірибелердің басты мақсаты – дәл осы сергектік пен жауапкершілікті арттыру", – деп атап өтті Азамат Қияшев.
Бірінші эксперимент: "Наркотест – әр үйге"
Алғашқы эксперимент 2025 жылғы 24 қыркүйекте Ақтөбе қаласындағы "KeruenCity" сауда және ойын-сауық орталығында өткізілді. "Наркотест – әр үйге" деп аталған акция аясында қала тұрғындары мен жастарға ағзадағы есірткі заттарының бар-жоғын анықтайтын экспресс-тесттен тегін өту ұсынылды.
Шараның басты мақсаты – жастардың есірткіге деген көзқарасын өзгертіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыру. Көптеген тұрғын бастаманы жылы қабылдап, өз еркімен тест тапсыруға келісті. Көпшілігі мұндай акциялардың қоғам үшін аса маңызды екенін айтып, полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясынан кейін биоқауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсті. Сарапшылар пікірі
Полиция майоры Азамат Қияшев бұл туралы: "Азаматтардың осындай ашықтық танытып, өздерін сынауға дайын болғаны – қоғамның сенім деңгейінің өскенін көрсетеді. Бұл біз үшін үлкен қолдау", – деді.
Эксперимент нәтижесі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің оң пікірін иеленді. Бейнематериалдар Instagram-дағы @Kpn_mvdrk, @polisia_aqtobe, @upn_profilaktika_aktobe және @zello_aktobe парақшаларында жарияланды.
Екінші эксперимент: "Есірткі жасырушы – ҚР ҚК 297-бабы"
Келесі күні, 25 қыркүйекте, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Қобыланды батыр" атындағы орталық стадион маңында екінші эксперимент өткізді. Бұл жолғы шара "Есірткіні тасымалдау, сақтау – ҚР ҚК 297-бабы" тақырыбында ұйымдастырылды.
Эксперимент барысында ұйымдастырушылар бейнекамера арқылы адамдардың нақты реакциясын бақылаған. Оларға жол үстінде не аялдамада күтіп тұрған еріктілер есірткіге ұқсас муляжды белгілі бір мекенжайға жеткізіп беруін өтінген. Бұл күтпеген өтінішке адамдардың реакциясы әртүрлі болды: бірі абайлап бас тартса, кейбірі түсінбей аң-таң күйде қалған.
"Бұл тәжірибенің мәні – адамның заңға және ар-ожданға деген көзқарасын бағалау. Егер азамат бір сәтте заңсыз әрекетке қатысуға келіссе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан біз халыққа кез келген күмәнді ұсынысқа "жоқ" деп айтудың маңыздылығын көрсеткіміз келді", – деді полиция майоры.
Оқи отырыңыз: Павлодарда 32 жастағы мопед жүргізушісінен есірткі тәркіленді
Эксперимент бейнесі әлеуметтік желілерде жарияланып, жұртшылық тарапынан қызу талқыланды. Көптеген көрермен пікір қалдырып, полицияның осындай әдісі жастарға үлкен сабақ болғанын атап өтті.
Үшінші эксперимент: азаматтық ұстанымға сынақ
Үшінші және соңғы эксперимент 26 қыркүйекте "Қобыланды батыр" атындағы орталық стадион аялдамасы маңында өткізілді. Тақырыбы – "ҚР ҚК 299-бабы 1-1 бөлігі бойынша қоғамдық орындарда құқықбұзушылыққа азаматтардың әрекеті немесе әрекетсіздігі". Бұл жолы ұйымдастырушылар қоғамдық орында құқықбұзушылық элементі бар көрініс ұйымдастырып, тұрғындардың қалай әрекет ететінін бақылады. Көптеген азаматтар бейжай қалмай, не болып жатқанын түсінуге тырысты, кейбірі полицияға хабарласуға талпынды.
"Мұндай жағдайлар өмірде жиі кездеседі. Кейде адамдар көрген құқық бұзушылыққа көз жұма қарайды. Ал біздің мақсат – әрбір адам заңсыздыққа бейжай қарамау керектігін ұғынуы тиіс екенін көрсету", – деп түсіндірді Азамат Қияшев.
Оның айтуынша, тәжірибенің нәтижесі қоғамда жауапкершілік деңгейінің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл полиция мен халық арасындағы сенімнің нығайғанының айғағы.
Ақпараттық жұмыстар мен қоғамның қолдауы
Полиция департаменті өткізген үш күндік эксперименттер тек Ақтөбе облысы тұрғындары арасында ғана емес, бүкіл республика көлемінде қызу талқыланды. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдар бірнеше мың қаралым жинап, жүздеген пікірлер қалдырылған.
Көптеген қолданушылар полицияның осындай тәсілдерін құптап, "бұл шынайы өмірден алынған тәрбиелік көрініс", "жастарға жақсы сабақ болды" деген сынды пікірлер білдірді.
Бөлім бастығы Азамат Қияшев мұндай қоғамдық қолдау – ең үлкен мотивация екенін айтады:
"Біздің жұмысымыздың нәтижесі тек сандармен емес, осындай қоғам тарапынан келген жылы пікірлермен де өлшенеді. Бұл бізді одан әрі жұмыс істеуге жігерлендіреді", – деді ол.
Сонымен қатар, алдағы уақытта полиция департаменті мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жастармен ашық кездесулер өткізіп, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған бейнероликтер сериясын түсіруді жоспарлап отыр.
Алдағы жоспарлар мен түйін
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Қияшевтың айтуынша, мұндай эксперименттер алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасын табады.
"Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың есірткі қылмысына қарсы күрестегі орнын көрсету. Бұл тек полицияның міндеті емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Астанада есірткі таратқан ер адам ұсталды
Ол сондай-ақ ата-аналарды балаларымен жиі сөйлесуге, мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға шақырды.
"Біз барлығымыз бір мүдденің жолындамыз. Есірткіге қарсы күрес – бұл тек заң мен тәртіптің мәселесі емес, бұл ұлттың болашағы, жастардың денсаулығы. Егер әркім өз орнында жауапкершілік танытса, біздің қоғам қауіпсіз әрі дені сау болады", – деп қорытындылады полиция майоры.
Ақтөбе облысында өткізілген әлеуметтік эксперименттер қоғамның назарын өзекті мәселеге аударып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлкен серпін берді.
Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, ақпараттық науқандарды, әлеуметтік бейнероликтерді және жастармен интерактивті кездесулерді жиілетуді көздеп отыр.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55
"Бұл тәжірибенің мәні – адамның заңға және ар-ожданға деген көзқарасын бағалау. Егер азамат бір сәтте заңсыз әрекетке қатысуға келіссе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан біз халыққа кез келген күмәнді ұсынысқа "жоқ" деп айтудың маңыздылығын көрсеткіміз келді", – деді полиция майоры.