Ақтөбеде Qarakesek есімімен белгілі рэпер Омар Амантаев есірткіні заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сот үкімі бойынша 31 жастағы әншіге 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
Ақтөбе №2 қалалық соты судьясы Тұрсынхан Салықовтың айтуынша, сотталған азамат жергілікті атқарушы орган белгілейтін тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар оның қоғамдық жұмыстарға тартылуын тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық қызмет қадағалайды. Сондай-ақ оған психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлі бақылауымен емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалды.
Сотта рэпердің кәмелетке толмаған төрт баласы бар екені және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны ескерілді. Күні кеше процеске келмеген айыпталушы бүгін мәжбүрлі түрде сот залына жеткізілді.
Еске салайық, Омар Амантаев өткен жылдың тамыз айында мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталған. Полиция қызметкерлері оның көлігінен синтетикалық есірткі салынған zip-пакет тапқан. Медициналық сараптама қорытындысынан кейін ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған еді.
Сот барысында әнші синтетикалық есірткіні көшеден тауып алып, қолданғанын мойындады.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07