Екі жыл бұрын Ақтөбедегі ағаштарға санақ жүргізіп, олардың әрқайсысына төлқұжат береміз деген әкімдіктің жобасы тағы аяқсыз қалды. Қазынадан 250 миллион теңге бөлінген жобаны алматылық компания жүргізген. Алайда, шенеуніктер мердігер ағаштарды есепке алу құжаттарын ресми түрде тапсырмаған және санаққа жұмсалған шығынды да дәлелдей алмағанын айтады. Ал қалған 130 миллион теңгені үкіметтен өндіре алмай отырған компания Ақтөбе әкімдігін сотқа берді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шенеуніктер санақтан кейін барлық ағаштың жасын, түрін, түсіне байланысты арнайы карта дайындап, оларды суаруға қанша көлемде су қажет екеніне дейін анықтаймыз деп сендірген еді. Бірақ, басталған жоба аяқсыз қалды. Мемлекеттік тапсырыс берген қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер жасыл желектерге санақ жүргізген мердігер компания есепке алу құжатын әкімдікке әлі ресми түрде тапсырмағанын айтады. Оған қоса мекеме санаққа жұмсалған шығындардың қаржылық құжаттарын растай алмаған.
"Қала аумағында бар барлық жасыл желектің, әр ағаштың орналасқан орнын, барлығын компьютерге енгізіп, жасыл желектерді күтіп ұстауға, қосымша жұмыстар жүргізуге ыңғайлы болуға біздер сондай тапсырма бердік. Ол кісілердің жасаған жұмыстары оған сәйкес келмейді", – деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Жомарт Бақыткелді.
Бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген жобаны алматылық IT NOMAD ЖШС жеңіп алған. Алайда мердігер компания қала бойынша он бес түрлі ағаштың 350 мың түбін есептеп, тіпті бірыңғай жүйені құрып бергенін айтады. Бірақ әкімдіктің құжаттарды не үшін қабылдағысы келмей отырғанын білмейміз, дейді. Қазір компания қалған 130 миллион теңгені алу үшін Ақтөбе қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімін сотқа берді.
"Негізі біз жұмыстың бәрін бітіргенбіз. Шамамен 15 мыңнан астам қағаз тасушыдағы құжаттарды тапсырғанбыз. Электрондық нұсқада істеген жұмыстар, мобильді қосымша және планшеттерді бердік. Мәскеу мамандары мен Алматыдағы ботаникалық бақ қызметкерлерін шақырдық. Енді қазір соттасып жатырмыз", – деді IT NOMAD ЖШС директоры Жанболат Қалмұханбетов.
Осылайша, Ақтөбедегі ағаштар санағы сотқа жетті. Әкімдіктегілер мердігер компанияға қалған 130 миллион теңгенің өтелмейтінін айтады. Ал қалған дендро жоспарды өздері жасап, жұмысты да өздері аяқтамақ.