Тікелей эфир

Ақтөбеде 1,5 миллиард теңге бөлінген мектептің салынып жатқанына 5 жылдан асты

Қала тұрғындары бұл мектепке "сувенир", "музей" теңеулерін беріп үлгерген.

Құрылысы бес жылға созылған Ақтөбе қаласындағы мектеп әлі қолданысқа берілген жоқ. Мектептің ашылу мерзімі пандемия, кейін мердігердің ішкі мәселелеріне байланысты бірнеше мәрте шегерілген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Нұрлы ауданындағы мектеп құрылысына бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Оны пайдалануға мерзімінің шегерілуіне байланысты аудан оқушылары көрші елді мекендегі үш ауысымдық мектепке автобуспен қатынап оқуға мәжбүр.

"Немеремнің мектепке барғанына үш жыл болды. Қызылжарға қатынап білім алады", – дейді Нұрлы ауданының тұрғыны Серікқали Әбуғалиев.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектеп салуда емес, салынатын мың мектепке 150 мың педагог дайындауда мәселе бар


Ақтөбе қалалық әкімдігі алдағы оқу жылына қарай мектептің пайдалануға берілетінін уәде етіп отыр. Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Жантөриннің айтуынша, құрылыстың 5 жылға созылуына пандемия мен мердігер мекеменің ішкі мәселелері себеп болған.

"2017 жылдың желтоқсан айында келісімшартқа отырдық. Одан кейін пандемия басталды. Артынша мектептің кейбір жобаларын өзгерттік. Мердігердің өзінің проблемалары болды. Қазір мектептің құрылысы бітуге жақын. Жұмыстың 80-90 пайызы дайын. Ішкі жұмыстары мен жылу жүйелері ғана қалды", – дейді Бауыржан Жантөрин.

Алайда аудан тұрғындары қала әкімдігі өкілдерінің дәл осындай уәдені екі жыл бұрын да бергенін айтып отыр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


 

Серіктестер жаңалықтары