Ақтөбе облысында пара және сурдо спортты дамыту: 2025 жылғы көрсеткіштер мен нәтижелер

Бүгінде облыста мүгедектігі бар азаматтардың саны 31 497 адамды құрайды.

Ақтөбе облысында бұқаралық және бейімделген спортты дамыту – өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандарды дене шынықтыру мен спортқа кеңінен тарту бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінде Ақтөбе облысында мүгедектігі бар азаматтардың саны 31 497 адамды құрайды. Оның ішінде спортпен шұғылдануға медициналық қарсы көрсетілімі жоқ 15 007 азамат бар. Бұл көрсеткіш өңірде осы санаттағы азаматтарды спортқа тартудың әлеуеті жоғары екенін айқын көрсетеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 1 899 мүгедектігі бар адам спортпен тұрақты түрде айналысуда (2024 жылы – 1 759 адам). Аталған көрсеткіш медициналық қарсы көрсетілімі жоқ азаматтардың 12,7 пайызын құрайды. Айта кетерлігі, биыл мүгедектігі бар адамдарды дене шынықтыру мен спортқа тарту көрсеткішінің өсім динамикасы байқалуда.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысуын қамтамасыз етіп отырған негізгі мекеме – "Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубы" МКҚК. Аталған клуб 2013 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.

Спорт клубының басты мақсаты – дене шынықтыруды, пара және сурдо спортты кеңінен насихаттау, облыс командаларының, жаттықтырушылары мен спортшыларының кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарына қатысуына қажетті спорттық лицензия алуына жағдай жасау.

Қазіргі таңда спорт клубында мүгедектігі бар адамдарға бейімделген спорттың 20 түрі дамытылуда. Олардың басым бөлігі – Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары, Пара Азия ойындары мен Special Olympics бағдарламасына енген спорт түрлері.

Ұлттық құрама сапына енген ақтөбелік спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні спорттың әртүрлі түрі бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына кіретін 73 спортшы мен 18 жаттықтырушы Ақтөбе облысы әкімінің ай сайынғы арнайы төлемақысын алуда. Бұл қолдау олардың ынтасын арттырып, жоғары деңгейде дайындалуына серпін беретін маңызды тетік саналады. 

2025 жылғы 15–26 қараша аралығында Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының намысын Ақтөбе облысынан бес спортшы үш спорт түрі бойынша қорғады. Атап айтқанда, еркін күрестен – Малайдар Бексұлтан, жеңіл атлетикадан – Қырықбай Қуаныш, Сүйеуалиев Ерлан, Щёлоков Даниил, жүзуден – Тельманов Медет өнер көрсетті. Алдыңғы Сурдлимпиадада облыстан төрт спортшы екі спорт түрінен ғана қатысқан болса, биыл қатысушылар саны артып, спорт түрлері жүзумен толықты.

Токиода өткен дүбірлі додада Малайдар Бексұлтан қола жүлде үшін өткен белдесуде ирандық қарсыласына есе жіберіп, бесінші орынды қанағат тұтты. Жеңіл атлеттер мен жүзуден сынға түскен Тельманов Медет командалық эстафеталарда 5-6 орындарды иеленді. Сондай-ақ Медет 100 метрге еркін жүзу сайысында өзінің жеке рекордын жаңартты.

Ақтөбелік пара және сурдо спортшылар халықаралық ареналарда да жоғары дайындық деңгейін көрсетіп келеді. Соңғы жылдардағы маңызды жетістіктер қатарында:

  • 2025 жылдың ақпан айында Дубай қаласында (БАӘ) өткен пара жеңіл атлетикадан "Dubai–2025" әлемдік Гран-при жарысында 400 метр қашықтықта Тинеев Қаржаубай қола медаль иеленді.
  • Сәуір айында Қытайдың Таянь қаласында өткен пара таеквондодан "Para 7th WT Presidents Cup – Asian Region" халықаралық турнирінде Көшербаев Бауыржан қола жүлдеге қол жеткізді.
  • Мамыр айында Астана қаласында өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында Мереке Аяла мен Аппақова Салтанат командалық жекпе-жекте алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Мереке Аяла 70 келі салмақ дәрежесінде жекелей есепте күміс жүлдені иеленді.
  • Мамыр айында Түркияның Кемер қаласында көру қабілеті төмен спортшылар арасында дойбы спорт түрінен өткен әлем чемпионатында Ермағамбетов Сәлімжан қола медаль иеленді.
  • Грузияның Тбилиси қаласында өткен пара пауэрлифтингтен Әлем кубогінде Құрманбаева Гүлім күміс жүлдеге қол жеткізді.
  • Қараша айында Астана қаласында өткен пара дзюдодан Азия чемпионатында Мереке Аяла 70 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Биылғы жылдың айтулы спорттық оқиғаларының бірі – желтоқсан айында Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V жазғы Пара Азия ойындары болды. Бұл құрлықтық кешенді жарыста алғаш рет Ақтөбе облысынан үш жас пара спортшы ел намысын қорғады. Олар – Мұрзағалиева Әсия (пара жүзу), Азикина Мелена (пара пауэрлифтинг) және Асан Аслан (пара жеңіл атлетика).

Алғашқы халықаралық дода болғанына қарамастан, ақтөбелік жас спортшылар жоғары нәтижелер көрсетті. Мәселен, Мұрзағалиева Әсия пара жүзуден бір алтын, бір күміс және үш қола медаль иеленді. Оның ең үздік нәтижесі – S10 классында 50 метрге еркін стильде жүзуден алған алтын жүлдесі. Ал, Азикина Мелена пара пауэрлифтингтен -61 келі салмақта 50 келі зілтемірді көтеріп, күміс медаль жеңіп алды. Асан Аслан пара жеңіл атлетикадан Т20 классында 400 және 1500 метрге жүгіру, сондай-ақ ұзындыққа секіру сайыстарында өнер көрсетіп, үздік ондыққа енді.

2025 жылы Ақтөбе қаласында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында үстел теннисінен ҚР чемпионаты, көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында пара дзюдодан ҚР кубогы, "Тең мүмкіндіктер" республикалық балалар инклюзивтік турнирінің облыстық кезеңі, Халықаралық есту қабілеті бұзылғандар күніне орай футзалдан батыс өңірлік ашық турнир, сондай-ақ Мүгедектер күніне арналған боччадан облыстық инклюзивтік турнир өткізілді.

Сонымен бірге ҚР VII Спартакиадасы аясында тірек-қимыл аппараты зақымдалған, көру қабілеті бұзылған және интеллектуалдық ерекшеліктері бар спортшылар арасында облыстық іріктеу жарыстары ұйымдастырылды. Оған 11 спорт түрі бойынша шамамен 250 спортшы қатысып, олардың 102-сі республикалық кезеңде облыс намысын қорғады.

2025 жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен спартакиадаларында барлығы 225 медаль (113 алтын, 65 күміс, 47 қола) жеңіп алса, халықаралық ареналарда 14 медальға (4 алтын, 4 күміс, 6 қола) қол жеткізді.

Өңірде инклюзивті спортты дамытуға бағытталған жаңа жобалар да іске асырылуда. Желтоқсан айында Қобда ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортқа тартуға арналған өңірлік жоба бастау алып, алғашқы спорт нұсқаушысы жұмысқа қабылданды. Аталған жоба келесі жылы облыстың қалған 11 ауданында жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ биыл желтоқсан айында Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы ауданы 9 710,41 шаршы метрді құрайтын екі қабатты кешен бір ауысымда 195 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Мұнда әмбебап және күрес залдары, тренажер залы, 25 метрлік бассейн, футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолы, сондай-ақ 32 орындық кафе қарастырылған. Кешенде республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық жағдай жасалмақ.

Осы инфрақұрылымдық әлеуетке сүйене отырып, 2027 жылы республикалық сурдо спартакиаданы, ал 2029 жылы пара спартакиаданы өткізуге өтінім беру жоспарлануда. Бұл бастама бейімделген спортты кеңінен насихаттауда маңызды қадам болмақ.

Қорыта айтқанда, Ақтөбе облысында мүгедектігі бар адамдар арасындағы спорт саласы бүгінде тұрақты даму жолына түсті. Жүйелі жұмыс пен қоғамның қолдауы нәтижесінде өңірдегі басты мақсат – бұқаралық спортты кеңінен дамыту, жоғары жетістікті спортшыларды даярлау және пара/сурдо спорт түрлерін одан әрі дәріптеу болып қала бермек.

Серіктестер жаңалықтары