Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған қыз ана атанды: күдікке өгей атасы ілінді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
64 жастағы ер адам өгей немересін зорлады деген күдікке ілінді.

Ақтөбе облысында оқушы қыз босанды. Ең сорақысы, ана атанған жасөспірімнің өгей атасы күдікті ретінде танылған. 64 жастағы зейнеткер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Сұмдық оқиға Ойыл ауданында болған. Тоғызыншы сыныпта оқитын қыздың әке-шешесі ажырасып кеткен екен. 14 жастағы жеткіншек анасымен бірге тұрған. Оқушының жүктілігі босанғанға дейін ешкімнің назарына ілінбеген. 

Білім басқармасының мәліметінше, медициналық тексеру кезінде де бұл жағдай анықталмаған. Қазір жас ана сәбиімен бірге перзентханада жатыр. Оған психологтар көмек көрсетіп жатыр. Денсаулығы жақсарған соң ол оқуын жалғастыра бермек. Ал күдікті азамат жәбірленушінің нағашы әжесімен заңды некеде тұрған екен. Полиция сот-медициналық сараптама тағайындап, мәселенің мән-жайын анықтауға кірісті. 

"Бұған дейін бұл қыз бала үш рет медициналық тексерістен өткен. Бірінші, мамыр айында жоспарлы скринингтен өткен. Одан кейін жазғы лагерьге демалысқа барардың алдында профилактикалық тексеруден өткен. Сонымен бірге денсаулығына байланысты медициналық тексеруден өткен. Олардың ешқайсысында да ерте жүктілік белгісі байқалмаған", – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары