Тікелей эфир

Ақтөбе облысында былтырмен салыстырғанда өрт азайды

Ақтөбе облысында жыл басталғалы 242 өрт тіркеліп, 8 адам қаза тапты.

Бұл туралы облыстың төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2024 жылғы дерек былтырмен салыстырғанда 7,9 пайызға аз. Жыл басынан бері 242 өрт дерегі тіркелсе, былтыр дәл осы аралықта 263 өрт тіркелген. Сондай-ақ, биыл өрт салдарынан 8 адам көз жұмып, 7 адам жарақат алған болса, 2023 жылы өрттен 8 адам қаза тауып, 9 адам жарақаттанған болатын.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің бір шақыртуға қанша уақытта баратынын айтты. Оның сөзінше, Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылдың 17 тамызындағы "Өрт қауіпсіздігінің жалпы талаптары" техникалық регламентін бекіту туралы бұйрығында өрт сөндірушілердің қанша уақытта оқиға орнына баруға тиіс екені айқындалған. 

"Қала мен кентте, ауылдық елді мекендерде өртке қарсы қызмет бөлімшесі оқиға орнына шақырту түскеннен кейін 10 минуттан аспайтын уақытта жететіндей етіп орналасады. Ал бұл талап ауылдық елді мекендер үшін 20 минут деп белгіленген", – дейді Нұрхат Қалдыбаев.

Маман Ақтөбе облысында өрт орнына жылдам бару және өрттің алдын алу бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да айтып берді. Нұрхат Қалдыбаевтың сөзінше, орман алқабына бақылау жүргізу мақсатында мобильді топтар құрылған.

"Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпі кезеңінде орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр. Орман-дала өрттерінің туындауын болдырмау мақсатында департамент қызметкерлері шөптің жануына жол бермеу бойынша халықпен рейдтер мен нұсқаулықтар жүргізіп келеді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы қызметкерлерінен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушыларды анықтау мақсатында орман алқаптарын патрульдеу үшін мобильді топтар құрылды", – дейді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары.

Профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде қызметкерлер халықпен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ өртпен байланысты төтенше жағдайлар қаупі және туындауы кезіндегі іс-қимылдар туралы айтады.

"Өрттің алдын алу үшін 39 бірлескен мобильді топ құрылып, олар 431 рейд жүргізді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 591 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 98 адамға айыппұл салынып, 1 миллион 993 мың теңге өндірілді", – дейді Нұрхат Қалдыбаев.

Сонымен қатар, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтауға бағытталған хабарламалар жіберілген. 

"Шаруа қожалықтарымен бірлесіп 232 дөңгелек үстел мен брифингтер өткіздік. Бұл іс-шара шамамен 2800-ге тарта адамды қамтыды. Одан бөлек 3 мыңнан аса адамды қамтыған 300 жиын өткізілді. 171 елді мекенге іргелес аумақ тазаланды", – деді маман.

Серіктестер жаңалықтары