Ақтауда Түркі әлемінің "Қорқыт ата" кинофестивалі шымылдығын түрді. Бұл фестиваль Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кино ұйымдары қатысады. Биыл Қазақстан кинофестивальді алғаш рет өткізуде, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақтау қаласы – биыл түркі әлемінің мәдени астанасы. "Маңғыстау жүрегінен – түркі әлемінің жүрегіне" атауымен өтетін фестивальде Ақтау кинематографтардың жаңа орталығына айналып отыр. Биылғы жиынға алғаш рет Венгрияның мамандары да қатысуда.
Салтанатты іс-шараның ашылу рәсімі "Достық үйінде" өтті. Фестивальде режиссер Думан Еркімбектің толықметражды алғашқы туындысы – "QAITADAN" фильмі көрсетілді. Бұл картина қазақ киносы тарихында алғаш рет мемлекет қолдауымен түсіріліп, 1 миллиард теңгеден астам қаржы жинап, рекорд орнатты.
"Біз үшін "Қорқыт ата" кинофестивалін дәл осы Ақтауда өткізу – үлкен мәртебе. Себебі, Ақтау биыл түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде мәртебелі атқа ие болып отыр. Бұл шара тек кинематография аясында ғана емес, мәдени дипломатия алаңы ретінде де маңызға ие. Өйткені, кино тілі арқылы түркі халықтарының ортақ болашағы қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерімен ынтымақтастықты нығайтуды Қазақстанның сыртқы және мәдени саясатындағы басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Ал кинофестивальдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы баршаңызға өз құттықтауын жолдап отыр", – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фестивальдің байқау бағдарламасына Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген келесі туындылар енді:
- "Joqtau" (режиссері Аруан Анартай);
- "Пряники для её отца, моего прадеда, её деда" (режиссері Алина Мустафина);
- "Ева. Батыр қыз" (режиссері Темірбек Аманжол);
- "Атамекен" (режиссері Жанна Құрмашева).
Фестиваль аясында жетекші кино қайраткерлерімен шығармашылық кездесулер, киносаммит, байқаулық және байқаудан тыс фильмдер көрсетілімі, сондай-ақ Маңғыстау өңірінің тұмса табиғатын таныстыратын мәдени бағдарлама жоспарланған. Байқаудан тыс бағдарламада Кино орталығының "Қажымұқан" фильмі (режиссері Қанағат Мұстафин) көрсетіледі.
4 қазанда фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Қазылар алқасы "Үздік көркем фильм", "Үздік режиссер", "Үздік сценарий", "Үздік актриса" және "Үздік актер" номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Бұған қоса, ТҮРКСОЙ-дың "Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығы табысталады.
Еске салайық, бұған дейін фестиваль Ыстанбұлда, Бурсада, Шушада және Анауда өткен болатын.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.47 / 6.59