Қызылорда облысы Қазалы ауданында 50-ге жуық адам вокзал қызметкеріне алдандық деп шағымданып отыр. Тұрғындардың айтуынша, 36 жастағы әйел саудаға ақша салып, қаражатты екі еселеп қайтаруға уәде берген. Кейбірі оған миллиондаған теңге берсе, енді бірі банктен несие алған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алайда тұрғындар уәде етілген пайда түгілі, өз ақшаларын да қайтара алмай жүргендерін айтады.
Мәншүк Әленованың сөзінше, әйел оның сеніміне кіріп, бірнеше микрокредит алуға көндірген.
"Алты жерден микрозайм алғызып, бір айдың ішінде жауып беремін деді. Онымен тоқтамай, менің рулас апамның үйіне барып, депозитінде тұрған 250 мың теңге ақшасын шешіп алып, сол жерде кепіл ретінде жерінің құжаттарын тастап кетті. Міне, содан бері ізінде жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Не ақшам жоқ", – деді Қазалы ауданының тұрғыны.
Шағымданушылардың айтуынша, әйел адамдардан тауар алуға қаражат сұрап, саудадан түскен пайданы бөлісуге және салған ақшаны екі еселеп қайтаруға уәде еткен. Олардың арасында қарызға ақша алғандар да бар.
"Маған қолма-қол он мың берді, сосын 8 мың берді. Сөйтіп мені алдап келе жатыр. Соңғы сөзі маған айтқаны: "Енді мен сенің кредитіңді төлеп отырмын, төлей алсам төлеймін, төлей алмасам мың теңгеден беремін" деп мені мазақ қылып отыр", – деді Қазалы ауданының тұрғыны Ғани Бектібaев.
Тұрғындардың кейбірі күдікке ілінген әйелдің жылы сөйлеп, сеніміне кіргенін айтып, тіпті "гипноз қолданды" деген болжам білдірді. Алайда бұл жайтқа қатысты нақты дәлел келтірілген жоқ. Тұрғындар ақшасын берген әйелдің Қазалы теміржол вокзалында кезекші болып жұмыс істейтінін айтады. Мән-жайды білу үшін тілшілер оның жұмыс орнына барған.
Вокзал басшысы қызметкерінің өз міндетін нұсқаулыққа сәйкес атқаратынын айтып, оның жеке мәселелері туралы білмейтінін жеткізді.
"Ол қыз жұмысына келеді. Міндетін нұсқаулық бойынша атқарады. Басқа жеке басындағы жағдайлардан менің шаруам жоқ. Білмеймін", – деді Қазалы ауданы теміржол вокзалының басшысы Асылбек Қосжанов.
Кейін тұрғындардың шағымына себеп болған әйелдің өзі де табылды. Алайда ол аты-жөнін атап, бет-жүзін көрсетуге қарсы болған. Әйел барлық қарызынан құтылғанын айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Полиция тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес берген. Қазіргі таңда мәселе азаматтық тәртіппен қаралып жатыр. Ал істің ақ-қарасын сот анықтайды.