Ақша, пәтер, көлік. Шымкентте кәсіпкер өзінің бопса мен зорлықтың құрбаны болғанын мәлімдеді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ол өзінің жалпы қаржылық шығынын 73 миллион теңгеге бағалап отыр. Оған қоса мойнына 431 млн теңге қарыз ілінген.

Шымкенттік жол саласының кәсіпкері Бақыт Қалмен журналист Руслан Өтепбайдың Youtube арнасына берген сұхбатында өзін жергілікті қарақшылық топтың бопсалап, қаржысы мен дүние-мүлкін тартып алғанын мәлімдеді.

Кәсіпкер өзінің Қазақстанның оңтүстігінде жол салумен айналысатын қытайлық кәсіпорынға субмердігер ретінде қызмет көрсететінін айтады. Алайда тапқан табысын жергілікті бопсалаушы қылмыстық топ тартып алғанын айтып, шағымданды.

Оның түсіндіруінше, кәсіп бастаған тұста ол танысынан жанар-жағармай үшін 3 миллион теңге көлемінде қарыз алған. Алайда оны қайтару кезінде қарақшылық топ 33 миллион теңге талап етіп, бопсалау, ұрлап әкету және күш қолдану арқылы аталған мөлшердегі ақшасын тартып алған. 

"Мені ұрлап әкетіп, бес күн бойы байланыссыз қамап тастаған кездер болды. Сондықтан мен амалсыз, жанымның тыныштығы үшін ақша беріп, құтылуыма тура келді. Оған қоса базаға қарауыл, монша жағушы ретінде пайдаланды. Екі жылдай уақыт құлдықта болдым. Жалғыз мен емеспін, қашқан кездер де болды. Бірақ, отбасының амандығы үшін көнуге тура келді. Бірақ, әрбір таяқ жегенімнің куәгерлері бар. Менің өзімен бөлек, жұбайыма, балама да қоқан-лоқы көрсетті", – деді Бақыт Қалмен.

Ақыры, мұндай заңсыздыққа шыдамаған кәсіпкер 2025 жылы шілдеде бала-шағасын ауылға жіберіп, құқық қорғау органдарына арыз түсіреді. Оның негізінде қарақшылық топ өкілдері қамауға алынып, кейін үй қамағына шығарылады.

"Алайда, олар бұл талапты орындамады. Оған өзі түсірген видеолар куә», – дейді кәсіпкер.  

Кәсіпкер бұл ретте 33 миллион теңгеден бөлек, Ravon R3 автокөлігі де, жұбайының атындағы екі бөлмелі пәтер де күш қолдану арқылы тартып алынғанын айтты. 

Кәсіпкер жалпы шығынын 73 миллион теңгеге бағалап отыр. Оған қоса, кәсіпкерді алты адамға қарыз деп мәжбүрлеп жаздырып алған. Ол бойынша Бақыт Қалмен өзі танымайтын адамдарға 431 миллион теңге қарыз болып отыр. 

Кәсіпкер бұл деректер бойынша өзін бопсалаушыларды сотқа бергенімен, сот шешімі бойынша олардың ақталып шыққанына наразы. Прокуратура мен сот та кәсіпкердің шағымын қанағаттандырмаған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары