Әуе транспортының халықаралық қауымдастығы 2025 жылғы қазандағы әуе тасымалының әлемдік нарығы бойынша жаңа мәліметтерді жария етті. Оған сәйкес, жолаушы тасымалы 6,6 пайызға, ал жүк тасымалы 4,1 пайызға өскені тіркелген.
Жолаушы тасымалы
Жолаушы тасымалының артуына халықаралық, сондай-ақ ішкі сұраныстың да өсімі себеп болған. Мәселен, халықаралық сұраныс қазанда өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,5%-ға өссе, ішкі сұраныстың өсімі 3,4%-ды құрады.
"Қазанда бұл көрсеткіш сенімді түрде жоғарылап, өсім 6,6 пайызды құрады. Әсіресе, Солтүстік Америкада жолаушылар тасымалында бірнеше ай бойы мүлде өсім болмағанын ескерсек, қазандағы көрсеткіштің 4,5 пайызға артуы қуанышқа бөледі. Қарашаның қорытындысына қатысты көрсеткіш болжамдары да жақсы. Жаңа жыл қарсаңында жылдық мәмілелерді аяқтайтын компаниялардың белсенділігі артады. Ал 2026 жылғы экономикадағы белгісіздікке байланысты әлем елдерінің үкіметтері әуе тасымалы саласына қолдау көрсетуі керек", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Жүк тасымалы
Сондай-ақ, ол жүк тасымалындағы көрсеткіштердің жоғарылауын да жақсы бағалады. Бұл салада өсім 4,1 пайыз деңгейінде тіркелген.
"Жүк тасымалы саласында көрсеткіш сегіз ай қатарынан жоғары динамиканы көрсетіп келеді. Оған қоса, қазанда айлар арасындағы рекордты көрсеткіш тіркелді. Алайда, Азия – Солтүстік Америка бағытында көрсеткіштердің 6 айдан бері төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Соған қарамастан, жүк тасымалының жалпы көрсеткіші жоғары деңгейінде қалып отыр. Бұдан АҚШ-тың жаңа сауда саясатына байланысты жаһандық жүк тасымалының бағыттары өзгеріп, олар Азияның өз ішінде, Европа мен Таяу Шығыс арасында, және Еуропа мен Азия арасында белсенді бола түскенін байқаймыз", – деп пікір білдірді Уилли Уолш.
USD:
505.9 / 508.9
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59

