Тікелей эфир

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы: Әдемі әрі қонақжай елге қайта оралғаныма қуаныштымын

Ол бұған дейін Рейкьявиктегі АҚШ Елшілігінде миссия басшысының орынбасары және уақытша сенімді өкіл қызметтерін атқарды.

Қазақстанға Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Мишел Еркін келді. Бас консул Еркіннің консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кіреді, деп хабарлайды Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының баспасөз қызметі.

Мишель Еркін / Фото: Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының баспасөз қызметі

"Алматыдағы АҚШ Консулдығының атынан өкілдік етуді үлкен мәртебе санаймын және Қазақстан сияқты әдемі әрі қонақжай елге қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Алматы 20 жыл бұрын шетелдегі алғашқы дипломатиялық миссиям болған. Енді алдағы үш жыл бойы бұл қаланы өз үйім деп санау бақытына ие болып отырмын. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген, сондықтан Қазақстанды жаңа қырынан танып-білуге асықпын", – деді Еркін ханым.


Оқи отырыңыз: Америка кәсіпкер әйелдердерді қалай қолдайды? АҚШ-тан арнайы репортаж


20 жылдан бері дипломатиялық қызметте жүрген Мишел Еркін әлемнің түрлі елін аралап үлгерді. Бұған дейін ол Рейкьявиктегі (Исландия) АҚШ Елшілігінде миссия басшысының орынбасары және уақытша сенімді өкіл қызметтерін атқарды. Еркін ханымның оған дейінгі дипломатиялық қызмет атқарған елдерінің қатарында Панама-Сити (Панама), Бішкек (Қырғызстан), Сан-Сальвадор (Сальвадор) және Мәскеу (Ресей) бар. Еркін ханым Вашингтон қаласында бірнеше қызмет атқарды: Экономикалық және іскерлік мәселелер бюросы (EB), Қару-жарақты бақылау, келісімдерді тексеру және орындау бюросы (AVC) және Батыс жарты шар істері бюросында (WHA) жұмыс істеді.

Мишел Еркін ханым Йель университетін Ресей және Шығыс еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша үздік бітірген. Содан кейін ол Миннесота университетінің заң мектебінің құқықтану докторы (JD) дәрежесін алды.

Солтүстік Миннесотаның аграрлық аймағынан шыққан ол өзінің Ақ Жер Оджибве (Чиппева) тайпасының ұрпағы екенін мақтан тұтады. Еркін ханым мен жолдасы Жомарт төрт бала тәрбиелеп отыр. Орыс және испан тілдерін жетік меңгерген, қазақ тілін де оқып жүр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары