АҚШ ғалымдары көмей қатерлі ісігін жасанды интеллект арқылы анықтау жолын тапты

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Жасанды интеллект адамның дауысына қарап диагноз қоя алады.

Орегон денсаулық сақтау және ғылым университетінің ғалымдары Портленд мемлекеттік университетімен бірлесіп, дауыс жазбасы арқылы дауыс желбезектеріндегі қатерлі ісіктің және көмей ісігінің ерте сатыларын анықтай алатын жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі Bridge2AI-Voice алгоритмін жасады.

ЖИ адамның дауысын талдап, дауыс желбезектеріндегі қатерлі немесе қатерсіз зақымдануларға тән өзгерістерді анықтайды. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Digital Health ғылыми журналында жарияланды.

Көмей ісігі – жаһандық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды мәселе. 2021 жылы әлем бойынша көмей ісігінің 1,1 миллион жағдайы тіркеліп, оның 100 мыңға жуығы өліммен аяқталған. Аурудың негізгі қауіп факторларына темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, адам папиллома вирусымен (HPV) жұқтыру жатады. Бес жылдық өмір сүру болжамы 35%-дан 78%-ға дейін өзгеріп отырады. 

Қазіргі таңда диагноз қою видеоэндоскопия және биопсия арқылы жүзеге асырылады. Олар – инвазивті әрі қолжетімсіз процедуралар. Мамандардың жетіспеушілігі мен ұзақ кезектер диагноз қою процесін кешіктіреді. Жасанды интеллектке негізделген жаңа әдіс бұл процесті айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Қандай тағамдар қатерлі ісік пен семіздікке әкеледі? Нутрициологпен сұхбат


Ғалымдар Солтүстік Американың бес өңірінен жиналған 306 қатысушының 12 523 дауыс жазбасын зерттеді. Қатысушылардың дауыстары дені сау адамдардан бастап, қатерсіз түзілістері немесе көмей обыры бар адамдарға дейін әртүрлі болды. Зерттеушілер акустикалық сипаттамаларға: тонның биіктігі, діріл, жарқыл, гармония мен шудың арақатынасына назар аударды. 

Ер адамдарда көмей ісігі мен қатерсіз зақымданулар болған жағдайда акустикалық параметрлерде елеулі өзгерістер байқалды. Бұл ЖИ тек патологиялық өзгерістерді анықтап қана қоймай, қатерлі және қатерсіз ісіктерді ажырата алуы мүмкін екенін көрсетеді. Ал әйелдерде мұндай заңдылықтар әзірге анықталған жоқ – зерттеушілер бұны дерек көлемінің жеткіліксіздігімен байланыстырады және зерттеу ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

"Көмей ісігі кезінде ерте диагностика – өте маңызды. Егер жасанды интеллект алгоритмдері ауруды симптомдар пайда болмай тұрып дауыс арқылы анықтауға көмектессе – бұл нағыз ғылыми серпіліс болар еді. Мұндай технологиялар дәрігердің орнын баспайды, бірақ диагноз қоюды жеделдетіп, науқастың тиімді ем алу мүмкіндігін арттырады", – деп пікір білдірді дәрігер, "Денсаулық" ұлттық қауымдастығының төрайымы Бақыт Түменова.

Серіктестер жаңалықтары