Ақмола облысындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – "Зеренді-Астық" ЖШС өңірде биылдан бастап ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу қиындайтынын мәлімдеді. Бұған кәсіпорын үлескерлері арасындағы келіспеушіліктер, жер құжаттарына қатысты алаяқтық әрекеттер мен ұзаққа созылған сот отырыстары себеп.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, серіктестік 40 мың гектардан астам жерді пайдаланады. Бұл жерлердің басым бөлігі үлестік, яғни компанияның жарғылық капиталы жеке үлескер тұлғалардың қаражаты есебінен қалыптастырылған. Алайда кейінгі жылдар үлескерлердің бір тобы серіктестік құрамынан шығу туралы шешім қабылдап, алайда мұны жалған хаттамалар толтырумен жүзеге асырған.
"Зеренді-Астық" ЖШС директоры Қайрат Ахметов мұндай екі хаттаманың сот шешімімен заңсыз деп танылғанын алға тартады. 2022 жылғы 5 сәуірдегі жиналыс хаттамасы Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен 2023 жылғы 9 қарашада заңсыз деп танылса, 2023 жылғы 29 наурыздағы дәл осындай құжат Алматы облысы МАЭС шешімімен 2024 жылғы 13 тамызда күшін жойған.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында орман мен дала өрті бір жылда 100% азайды
Қайрат Ахметовтың айтуынша, хаттамалардың заңсыздығына қарамастан, жергілікті билік өкілдері қажет құжаттарды әзірлеп, серіктестік құрамынан шыққан үлескерлердің жерлерін өзге компаниялардың атына заңдастырып берген. "Зеренді-Астық" ЖШС басшысы бұл жерде үшінші тұлғалардың мүддесі барын айтып, өткізілген жиналыстардың заңдылығына күмән келтіріп отыр. Оның айтуынша, хаттамаларда еңбекке қабілетсіз не жиналысқа қатыспаған адамдар да қатысушылар тізіміне еніп кеткен. Сондай-ақ жер құжаттарының деректері де әртүрлі келтірілген.
Оның сөзінше, үлескерлер жоғары табысты уәде етіп отырған белгісіз тұлғалардың ықпалынан шыға алмай отыр.
"Бұл уәделердің көбі – бос сөз. Олар заңсыз жолдармен өз компанияларына тіркеп алған жерлерге егін егілмей, арам шөп басып жатқанын қазір көріп отырмыз. Бұл біздің үлескерлерді өз жағына өтуге шақырып отырған адамдардың ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізе алмайтынын көрсетеді. Жермен жұмыс істегенде жер өңдеу мәдениетін сақтау керек. Агро қызмет кәсіби жүргізілуі тиіс. Бұдан өз кезегінде біздің "Зеренді-Астық" ЖШС компаниямыз бен инвесторымыз – "Қазақстан астық консорциумы" үлкен шығынға батып отыр. Өйткені, біз төлеп отырған қарыздар біздің мойнымызда қалды, ал жерді біз екі есе аз игеріп отырмыз", – деді Қайрат Ахметов.
Дегенмен, Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов бұл жерде лобби не өзге де заңсыз әрекет бар деген айыппен келіспейтінін жеткізді.
"Жақында маған "Зеренді-Астық" ЖШС басшысының атынан мен өзімнің не өз бизнесімнің мүдделері үшін лобби жасап отырғаным жөнінде хат келді. Мен ресми түрде өзімнің ешқандай да мүддем жоқ екенін мәлімдеймін. Ал Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Марат Оразалинге келсек, қоғамдық жұмыстармен айналысатын депутаттың бұл адамдармен қандай байланысы барын мен білмеймін", – деді ол.
"Зеренді-Астық" ЖШС мәліметінше, компаниядан заңсыз жолмен тартып алынған егістікке жарамды жерлердің жалпы аумағы 18 959,01 гектарды құрайды. Ал бұлай серіктестік жерінің екі есеге жуық азаюы компанияның қарыздарын өтеп, жұмысшыларын сақтап және ауыл шаруашылығы жұмыстарын сапалы жүргізуіне қиындықтар тудырады.