Ақмола облысының Бұланды ауылындағы 80 оқушы ауылдағы орманшылар үйінде оқып жүр. Бұл туралы "Айқын" басылымындағы мақалада жазылған.
Ауылдағы мектеп апатты деп танылып жабылған. Дегенмен, дер уақытында қолға алынып, құрылысы 2021 жылы басталған жаңа мектеп құрылысы мердігер "Ер-Қанат Сервис" компаниясының кінәсінен тым ұзаққа созылып, биылғы жаңа оқу жылына үлгермеген.
Соған байланысты ауылдағы "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орман шаруашылығы ғимаратын уақытша пайдалануға беріп, балалар осында білім алуға мәжбүр.
Ақмола облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың түсіндіруінше, биылғы оқу жылы басында бұл мәселенің екі уақытша шешімі қаралған. Біріншісі – оқушыларды ауылға ең жақын Макинск мектеп-лицейіне тасымалдап оқыту болса, екіншісі орман шаруашылығында білім алуына жағдай жасау. Ауыл оқушыларының ата-аналары мен мұғалімдер екінші нұсқаны таңдаған.
"Орман шаруашылығы ғимараты расында да білім ордасының толыққанды мүмкіндіктерін бере алмайтыны сөзсіз. Бірақ, біз әріптес ұстаздардың бөтен мектепке барғысы келмейтінін де түсінеміз. Балалар алғашқы тоқсанда осында оқуын жалғастырып, екінші тоқсанда жаңа мектепке көшеді деп үміттеніп отырмыз", – деді Валерий Гамазов.
Оқи отырыңыз: Құрылыс неге бітпеді? Жамбыл облысында 600 оқушы мәдениет үйінде білім алуға мәжбүр
Бұған дейін Жамбыл облысында 600 баланың мәдениет үйінде оқып жүргені туралы жазған болатынбыз.