Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University базасында оқу-тәжірибелік инженерлік зертхана ашылды, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа зертхана "Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы", "Автомобильдер, жол және құрылыс машиналары", "Автомобиль инжинирингі" білім беру бағдарламаларына енгізіледі. Ол заманауи автомобиль индустриясында қолданылатын нақты технологиялық шешімдер мен жабдықтар негізінде оқуға мүмкіндік беріп, студенттердің оқу барысында практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Бастамаға қолдау көрсеткен Orbis Auto бас директоры Динара Ысқақова жобаның адами капиталды дамыту және автомобиль өнеркәсібі үшін кадрларды даярлаудың ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі екенін атап өтті.
"Технологиялар оқу бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты – студенттерге заманауи автомобиль саласының талаптарына сай келетін практикалық даярлық беру. Зертхана студенттердің нақты агрегаттармен жұмыс істеуіне, қателерді талдауына және өндіріс пен автобизнеске бағытталған инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Біз студенттер үшін айқын кәсіби бастама жасап, Қазақстанда саланы дамытатын мамандарды даярлап жатырмыз", – деді ол.

Университеттің басқарма төрағасы – ректоры Меруерт Жармағамбетова зертхананың ашылуы ALT университеті үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның сөзінше, бизнеспен серіктестік – заманауи инженерлік даярлықтың негізгі элементі әрі білім, ғылым және нақты экономика секторының интеграциясының маңызды құралы. Orbis Auto-ның қатысуымен құрылған зертхана өнеркәсіптік компаниялар мен университеттің жаңа буын мамандарын даярлауда тиімді жүйе құра алатынын көрсетеді.
"Өз миссиясының аясында ALT университеті тәжірибеге бағытталған білім беру моделіне көшіп келеді. Тек теориялық білімге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті кадр даярлау мүмкін емес. Біз дуалды оқытуды дамытуға және білім беру бағдарламаларын бірлесе жетілдіруге ерекше мән береміз. Алдағы жоспарымызда индустрияға бағдарланған оқу жоспарларын қалыптастыру, пәндер мазмұнын қайта қарау және практиканың үлесін арттыру бар. Нақтырақ айтқанда, студенттер өздерінің практикалық дағдыларын зертханада тікелей көрсететін профильдік практикалық емтихандарды өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Меруерт Жармағамбетова.
Зертханада Toyota, Audi, Volkswagen, Cadillac, EXEED, Geely және Zeekr брендтерінің модельдерінде қолданылатын қуат берілістері мен электрондық компоненттер ұсынылған. Бұл жабдық компоненттер архитектурасы мен құрастыру принциптерінен бастап диагностикалық және қызмет көрсетуді қолдау талаптарына дейін халықаралық автомобиль өндірушілерінің стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді. Зертхананың жабдықтары технологиялық жетістіктерді, цифрлық шешімдерді және Қазақстандағы жергілікті өндірістің перспективаларын көрсету үшін жаңартылады.
USD:
464.1 / 466.9
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
6.03 / 6.15
