Алматы қаласы мәслихатының шешімі бойынша мұқтаж азаматтарға коммуналдық төлем бойынша тағы да өтемақы төлеу көзделген. Бұл жолы өтемақы биылғы 1 қыркүйектен 2025 жылғы 31 наурызға дейінгі мерзімде 0,8 АЕК көлемінде (биыл – 2954 теңге) төленеді.
Әлеуметтік көмекті келесі санаттарға жататын Алматы тұрғындары ала алады:
- ҰОС ардагерлері;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар баласы (балалары) бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабының 1-тармағына сәйкес жасы бойынша зейнеткерлер;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Оқи отырыңыз: Тоқаев коммуналдық төлемдер жайлы: "Көп тұтынсаң – көп төлейсің" қағидатын басшылыққа алу қажет
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, әлеуметтік көмек биыл жыл соңына дейін үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сәйкесінше, бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар биылғы 30 маусымға дейін коммуналдық төлем бойынша өтемақы алып келген болатын. Олар, яғни, бұрыннан өтемақы алып келгендер үшін жаңадан өтініш беру қажет емес. Ал бұрын алмағандар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтініш беруі қажет.