Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен "Заң кеңесі" атты жоба басталды. Жоба аясында қала тұрғындарына тегін заң көмегі көрсетіледі. Ол үшін қаланың адам көп жүретін жерлерінде орталық құрылып, тұрақты телефон нөмері бар "жедел желі" жұмысы іске қосылған.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Ақбота Садықтың айтуынша, қазіргі таңда бұл жоба 3 млн 400 мың теңгеге жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр. Ал жалпы үш жылдық жобаға әкімдіктен 11 млн теңге бөлінген.
"Соңғы жылда Қазақстан қоғамында сотқа жүгінетін адамдардың саны артты. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың назарын аудартып отыр. Нәтижесінде, барлық өңірде құқықтық кеңес беретін жобалар іске қосылды. Соның бірі – "Заң кеңесі" деп аталады. Бұл Алматы қаласы әкімдігінің жобасы болғандықтан, тек Алматыда жүзеге асады", – деді Ақбота Садық.
Жоба аясында қандай жұмыстар атқарылады?
- "Жедел желі" нөмері құрылды. Ол бойынша, тұрғындар қордың заңгеріне хабарласып, екі тілде құқықтық көмек ала алады.
- "Жылжымалы мобильді заң қызметі" іске қосылды. Алматы қаласындағы адамдар көп жиналатын жерде құқықтық көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдеседі.
- Шілде айында Алматы қаласындағы 8 ауданның емханасында құқықтық және заңдық көмек көрсетілді.
- Zankomek.kz деген сайт құрылды. Онда кері байланыс нөмірі көрсетілген. Сондай-ақ, сайттың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы сауалдар жолдауға болады.
- "Онлайн көмекші" атты чат-қосымша бар. Қазір мамандар оны жетілдіріп жатыр. Ол чат арқылы адамдар қойған сұрақтарына жылдам жауап ала алады.
- "Көк базардың" маңында орталық құрылды. Телефонмен шешілмейтін мәселелерді осы орталыққа келіп, заңгермен шешуге болады. Одан бөлек, ол жерде стенд қойылып, тұрғындарға қажетті ҚР заңдары жазылады.
Алдағы уақытта, базар, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқықтық және құжаттар дайындауға қатысты әдістемелік көмектер көрсетіледі.
"Сонымен қатар егде жастағы азаматтарымызға арнап газеттерде ай сайын хабарландыру беріп отырамыз. Екі заңгерден сұхбат алып, youtube каналымызға жүктеп отыру да ойда бар. Жалпы бұл жоба үш жылға жоспарланған. 2023 жылы басталып, 2025 жылдың 1 желтоқсанында аяқталады, – деді Social project management орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 400 мыңнан астам балаға мектепке дайындалуға көмек беріледі
"Заң кеңесі" жобасының заңгері Қуат Ауғанбек кеңестің барлық түрі тегін екенін айтады.
"Заң кеңесі" – Алматы қаласындағы әлеуеті төмен отбасыларды құқықтық сауаттандыру мақсатында жасалған әлеуметтік жоба. Қазір орталықта 3 заңгер жұмыс істейді. Біз өз жұмысымызды 1 шілдеден бастап кеттік. Бізге келген азаматтарға көбіне, кредит мәселесі, алимент өндіру, отбасылық жағдай бойынша көмектер көрсетілді. Бізде құқықтық кеңес алу да, методикалық кеңес те тегін", – деді "Заң кеңесі" жобасының заңгері Қуат Ауғанбек.
Орталық мекенжайы: Жүргенов 9/11, 4-қабат, 11-кабинет.