Алматылықтар үйіне жақын автотұрақты тегін пайдалана алады. Өтінішті қалай беруге болады

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда автотұрақ саны 25 мыңға дейін көбейеді.

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер мен коммерциялық нысандардың меншік иелері мен жалға алушыларына үйіне жақын орналасқан бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану мүмкіндігі берілді. Жаңа тәртіп 17 тамыздан бастап қолданылады. Тиісті нормалар Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылғы 30 шілдедегі №324 шешімімен бекітілген Жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидаларында қарастырылған. Бұл туралы Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы хабарлады.

Жаңа тәртіп бойынша көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары нысан орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста өздері таңдаған бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.

"Бұл құқық әрбір үй-жайға бір көлік құралына беріледі. Алайда нақты тұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді. Яғни таңдалған автотұрақта бос орын болған жағдайда ғана көлікті қоюға болады. Тегін пайдалану құқығы жерасты паркингтеріне, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтарға, жабық үлгідегі көпдеңгейлі автотұрақтарға және механикаландырылған автотұрақтарға қолданылмайды", – делінген хабарламада.

Өтініш берушінің атына көлік құралы белгіленген тәртіппен тіркелуі керек.

Автотұрақты тегін пайдалану үшін арнайы өтініш беру қажет. Өтінішті 2026 жылғы 17 тамыздан бастап "Алматы паркинг" КМК-ның интернет-ресурсы немесе eOtinish платформасы арқылы беруге болады.

Негізгі талаптар:

  • үй-жай орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста бір автотұрақ таңдалады;
  • бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады;
  • нақты тұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді.

Меншік иесімен бірге тұратын жақын туысы да оның жазбаша келісімі негізінде тегін пайдалану құқығын ала алады. Ал жалға алушыларға бұл құқық мемлекеттік тіркеуден өткен жалдау шарты негізінде және оның қолданылу мерзіміне беріледі. Егер үй-жай немесе көлік ортақ үлестік меншікте болса, басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет.

Қаладағы коммуналдық автотұрақтар желісі де кеңейтіледі. Биыл қосымша 8 мыңнан астам ақылы автотұрақ орнын ұйымдастыру жоспарланған. Осылайша коммуналдық автотұрақтардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін жеткізіледі. Жаңа орындар тротуар бойында және арнайы алаңдарда ұйымдастырылады. 

Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар бойынша бірқатар азаматтар коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, көпбалалы аналар, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтар және электромобиль иелері бар.

"Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алаңдық автотұрақтар, жерасты паркингтері, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтар, көпдеңгейлі және механикаландырылған автотұрақтардың жұмыс уақытын басқарушы ұйым белгілейді. Коммуналдық ақылы автотұрақтарда төлем бекітілген тарифке сәйкес көліктің тұрған әр минуты үшін есептеледі. Тротуар үлгісіндегі автотұрақта жолаушыны отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікті тиеу немесе түсіру кезінде алғашқы бес минутқа ақы алынбайды. Егер көлік бес минуттан артық тұрса, алғашқы бес минутты қоса алғанда, автотұрақта болған барлық уақыт үшін ақы төленеді", – делінген хабарламада.

Жаңа қағидалар Алматыдағы автотұрақ кеңістігін ретке келтіріп, тұрақтардың қолжетімділігі мен айналымын арттыруға және көпқабатты үйлердің тұрғындарына үйіне жақын жердегі автотұрақтарды пайдалануға жағдай жасауға бағытталған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау