Алматы әкімдігі "Сайран" автовокзалының меншік иесімен оны коммуналдық меншікке қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Журналистің автовокзал аумағын ауқымды қайта құру және абаттандыру жоспарлары туралы сұрағына қала басшысы "Сайран" 2000 жылдардың ортасында жеке меншікке берілгенін еске салды.
"Біз үшін автовокзал үлкен ішкі көлік хабы ретінде өте маңызды. Алматының бас даму жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес автовокзал қоғамдық — іскерлік аймақта, атап айтқанда, көліктік қызмет көрсету объектілері аймағында орналасқан, сондықтан ол жолаушылардың ауысып отыруларына өте ыңғайлы", — деді Ерболат Досаев.
Ерболат Досаевтың айтуынша, автовокзал иелерімен одан әрі реконструкция жүргізу және бірыңғай кешен құру үшін оны коммуналдық меншікке қайтару бойынша келіссөздер басталды.