Алматыдағы Ақсай бөгетінің құрылысына жауапты мердігер "Tolagai-2050" компаниясы директорының орынбасары Асқар Сердалин компанияның Instagram желісіндегі парақшасында "Қазселденқұтқарудың" мемлекеттік мекемесінің айыптауына жауап берді.
Еске салайық, таяуда аталған мекеме басшысы Арман Ахметов мердігер компания өз міндеттемелерін орындамағанын және соған байланысты нысан құрылысы тоқтатылып, келісімшарт бұзылғанын хабарлады.
"Нысан құрылысы Алматы облысының қала құрылысын бақылау басқармасының жобалық құжаттамаларға түзетулердің мемлекеттік сараптамадан өтпеуіне байланысты Тапсырыс берушіге қатысты ұйғарымына орай тоқтап тұр. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңның 9-1 тарау, 64-1 бап, жетінші тармағына сәйкес, жобаны мемлекеттік сараптамадан тек тапсырыс беруші, яғни "Қазселденқұтқару" мекемесі ғана өткізе алады. Нысан құрылысы тоқтағанына бір жылдан асты. Қазірге дейін тапсырыс беруші тарапынан нысанның жұмысын уақытша тоқтату және мемлекеттік сараптамадан өту бойынша жұмыстар жүргізілген жоқ. Тапсырыс берушінің қолында қажетті құжаттардың бәрі бар және мемлекеттік сараптамадан өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Алайда, тапсырыс беруші өзінің тікелей міндеттерін орындаудың орнына жауапкершілікті мердігерге артып қоюға тырысып жатыр", – деп жауап берді Асқар Сердалин.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мердігер компания өкілінің сөзінше, құрылыс жұмыстары бүгінде 89 пайыз аяқталған және егер жобаға түзетулердің мемлекеттік сараптама қорытындысы шыққан жағдайда компания тапсырыс берушімен бірге жұмысты аяқтауға дайын.
Оқи отырыңыз: "Имеется угроза для жителей Алматы". В МЧС нашли нарушения на плотине в бассейне реки Аксай
Дәл осы бөгетке қатысты мәселені бүгін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те көтерді.
Оның айтуынша, селден құтқару бөгеттерінің құрылысында орын алған заңсыздықтар әшкере болып жатыр.
"30 мың адамның өмірін сақтап қалуы тиіс бөгет құрылысы 2021-2023 жылдар аралығында "Қазселденқұтқару" мекемесінің әрекетсіздігі және мердігердің немқұрайлылығының кесірінен мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз және рұқсат құжаттарынсыз жүргізіліп келген. Сот қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен "Қазселденқұтқару" мекемесінің әрекетіне құқықтық баға береді деп сенемін", – деді ол.