Алматыда жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық көбейіп барады

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Көп жағдайда алаяқтар өздерін үйдің заңды меншік иесі ретінде таныстырады.

Алматыда жылжымайтын мүлік саласындағы алаяқтық деректері жиілей түскен. Әсіресе құрылысы аяқталмаған жеке үйлер мен кеңселік үй-жайлар сияқты бастапқы сатылымдағы нысандарға қатысты жағдайлар ерекше алаңдатады. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Көп жағдайда алаяқтар бітпеген немесе тұруға дайын емес нысандарды пайдаланып, құжаттарды бұрмалап, өздерін мүліктің заңды меншік иесі ретінде таныстырады. Осылайша, сатып алушыларды жаңылыстырып, үйді жоғары немесе төмен бағамен сатып жібереді.

Мысалы, алаяқтар элиталық аудандардың бірінде әлі салынып бітпеген жеке үйді басқа біреуге сенімхат арқылы сатуға әрекеттенген. Олар үй иесі шетелде тұратынын айтып, сатып алушыларға сенім ұялатуға тырысқан. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Мұндай жағдайлардың жиілеуіне Алматыдағы жекеменшік сектордың қарқынды дамуы және бақылаусыз қалған нысандардың көбеюі себеп болып отыр. Заңды тексерусіз мәмілелерге барған азаматтар алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін.

"Жылжымайтын мүлік саласындағы алаяқтықпен күрес тек билік емес, сонымен қатар әрбір азаматтың сақтығын қажет етеді. Кез келген "тиімді ұсынысқа" сенбей, барлық кезеңдерді мұқият тексеру маңызды", – деп ескертеді прокуратура.

Алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

  • Барлық құжаттарды (құрылысқа рұқсат, қабылдау актісі, меншік құқығын растайтын құжаттар, нотариалды куәландырылған сенімхаттар) мұқият тексеру керек.
  • Заңгердің көмегіне жүгініп, мәміленің заңдылығына көз жеткізген жөн.
  • Нысанның нақты жай-күйін өз көзіңізбен көру маңызды. Қажет болған жағдайда, бағалаушы маманның көмегін алу артық етпейді.

Серіктестер жаңалықтары