Алматы қаласында заңсыз салынған нысан сот шешімімен бұзылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Циолковский көшесі, 2/324 мекенжайында орналасқан ғимарат сот арқылы заңсыз деп танылған. Жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің ешқандай рұқсат құжаттарынсыз 4 қабатты нысан тұрғызғаны анықталған.
"Осыған байланысты меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, іс сотқа жолданған. Ұзаққа созылған сот процестерінің нәтижесінде апелляциялық сот алқасы заңсыз салынған нысанды бұзу туралы шешім шығарды", – делінген хабарламада.
2026 жылғы 23 ақпанда атқарушылық іс Әділет департаменті тарапынан қозғалған. Қазіргі уақытта сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары басталған.