Алматыдағы Жандосов көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Жол толығымен жабылмайды, алайда жүргізушілерге қозғалыс бағыты уақытша өзгеретіні ескертілді.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 19 тамыз сағат 23:00-ден 23 тамыз сағат 23:00-ге дейін Жандосов көшесінің қала шекарасынан Дәулеткерей көшесіне дейінгі бөлігінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
"Яғни аталған учаске көлік қозғалысы үшін толық жабылмайды. Дегенмен жолдағы жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс тәртібі уақытша өзгеретін болады. Жол қозғалысына қатысушылардан осы кезеңде мұқият болып, уақытша қойылған жол белгілерінің талаптарын сақтауы сұралды. Сондай-ақ жүргізушілер белгіленген жылдамдық режимінен аспауы қажет", – делінген хабарламада.
Жауапты мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстарының нақты мерзімі ауа райы жағдайына және өндірістік қажеттілікке байланысты өзгеруі мүмкін.
Көлік қозғалысына енгізілетін шектеулер туралы өзекті ақпарат @AlmatyJoly Telegram-арнасында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және "Яндекс карталар" қосымшаларында жарияланып отырады.