Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының "Дүйсенбілік спорт" жобасы аясында NEET санатындағы жастар арасында волейболдан өткен турнир өз мәресіне жетті.
Social Project Management орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа "Саламат", "Байсат", "Алтын Орда", "Тастақ" сынды ірі базарлар мен жұмыссыз жастардан құралған 16 команда қатысты.
Турнирдің алғашқы күні іріктеу ойындарына арналды. Әр командада қыздар мен жігіттер аралас ойнады. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, келесі кезеңге жолдама алу үшін бар күшін салды. Ереже бойынша командалар екі сеттен ойнады. Егер есеп 1:1 болып теңессе, жеңімпазды анықтау үшін үшінші шешуші сет ойнатылды. Осылайша, жеңіс 2:1 есебімен тіркеліп отырды.

Іріктеу кезеңінің нәтижесінде гранд-финалға "Ақбұлақ", "Арыстан", "Жаңа Ялян" және "Батыр" командалары жолдама алды.
Жарыс қорытындысы бойынша, бірінші орынды "Ақбұлақ" базарының командасы жеңіп алып, 250 мың теңгенің сертификатына ие болды. Екінші орынды "Арыстан" базарының ойыншылары иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатын қанжығалады. Ал үшінші орынды "Жаңа Ялян" мен "Батыр" базарының волейболшылары бөлісіп, әрқайсысы 50 мың теңгеден ұтып алды.

Айта кетейік, бұған дейін "Дүйсенбілік спорт" жобасы аясында Алматы қаласының базар жастары арасында шағын футбол, үстел теннисі және киберспорттан турнирлер ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі волейбол жарысы – аталған жобаның төртінші турнирі. Алдағы уақытта баскетболдан турнир өткізу жоспарланып отыр.