Тікелей эфир

Алматыда үздік спортшы студенттер марапатталды

"Сұңқар 2023" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі
"Сұңқар 2023" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі
2023 жыл студенттік спорт үшін жемісті де жеңісті жыл болды.

Қазақстанда тұңғыш рет жылдың ең үздік, ең таңдаулы студент-спортшыларын марапаттау мақсатында "Сұңқар 2023. Студенттік спорттың жұлдыздары" республикалық байқауы өтіп, оның жеңімпаздары марапатталды.

"Сұңқар 2023" байқауына студенттер спортына қатысты азаматтар мен спорт жанашырлары жиналды. Олардың қатарында есімі аңызға айналған Юрий Мельниченко, Ермахан Ыбырайымов, Жасұлан Қыдырбаев, Амангелді Кәрмен бар.

"Спорттағы үлкен жетістіктер – студенттер спортынан бастау алады. Студенттерді спорты жыл сайын мемлекетіміздің қолдауымен жақсы дамып келеді" деп атап өтті Қазақстанның Ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов.

Ол 2023 жыл студенттік спорт үшін жеңісті жыл болғанын атап өтті. Қаңтарда АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада, Қытайдың Ченду қаласында өткен Дүниежүзілік жазғы Универсиада еліміз үшін өте сәтті аяқталды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Университеттік спорттың халықаралық фестивалі мен Түркістанда  өткен II Түркі мемлекеттерінің универсиадасында да қазақстандық студент-спортшылардың жетістіктері аз емес. Сонымен қатар, студенттердің кешенді жарысы болып саналатын Республикалық жазғы Универсиада Ақтау қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спорт түрлері бойынша "Студенттік лига" жарыстары да талапқа сай өткізілді.

Алғаш рет өткізілген "Сұңқар" студенттік спорты байқауы енді  дәстүрлі түрде екі жылда бір ұйымдастырылады.

"Сұңқар 2023" байқауының жеңімпаздары:

  • "Ұлттық құндылық"  – Олжас Сүлейменов;
  • "Спорттағы дәуір" – Хван  Май;
  • "Спорт аңызы" – Дәулет Тұрлыханов;
  • "Спорттық ғылымдағы жетістіктері үшін" – Виталий Авсиевич;
  • Үздік ректор  – Берік Ахметов (Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті);
  • Үздік спорттық клуб – Х.А.Яссауи атындағы халықаралық  қазақ-түрік университеті;
  • Үздік баспасөз қызметі  – Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметі;
  • Үздік спорт журналисі  – Жандос Айтбай ("Хабар" агенттігі), Телжан Күдеров (Qazsport);
  • Қысқы спорт түрлерінен үздік тәлімгер-жаттықтырушы – Александр Мухин;
  •  Жазғы спорт түрлерінен үздік тәлімгер-жаттықтырушы – Анвар Усенов;
  • Үздік студент-спортшы – Вадим Куралес, Милад Карими, Нұрзат Сәлімбаев, Айдар Арапов, Дәулет Әмірхан, Санжар Мұхтар, Дәулет Ергеш, Әкежан Айтбеков, Асаухат Мұхамадиев, Сұлтан Әсетұлы, Исхар Курбаев, Сора Рахмонова.
Серіктестер жаңалықтары