Тікелей эфир

Алматыда Үндістан тәуелсіздігінің 75 жылдығы тойланды

Қазақстан — Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі әріптесі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Үндістан елшілігінің Свами Вивекананда мәдени орталығы Үндістан тәуелсіздігінің 75 жылдығы мерейтойы қарсаңында Үндістан @75 бағдарламалар сериясы арқылы Қазақстанның бірнеше қаласында мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. Бұл іс-шаралардың мақсаты – өзінің ерекше өрнектерімен, сиқырлы-сазды әуендерімен танымал Үндістанның керемет әндері мен билері арқылы мәдени көкжиектерді кеңейту және Үндістан мен Қазақстан халықтары арасындағы рухани байланысты тереңдету.

Сондай-ақ, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесіп, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтағы өңіраралық байланысты кеңейту, сондай-ақ, АТ және инвестиция тарту саласындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері туралы ойын бөлісті.

"Үндістан 1992 жылғы ақпанда Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнатып, тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. 1992 жылдың мамыр айында Алматыда Үндістан Елшілігі, ал 1993 жылы Нью-Делиде Қазақстанның Елшілігі ашылды. 2009 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға Республика күнін тойлауға құрметті қонақ ретінде сапарынан соң екі ел стратегиялық әріптеске айналды", – деді Шубдаршини Трипати.

Елші екі елдің АӨСШК, ШЫҰ және БҰҰ ұйымдары секілді көптарапты форумдар шеңберінде өзара бірлесіп, ынтымақтасатынын айтты. Үндістан Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) бойынша бастамасын әрдайым қолдайды және бұл үдеріске белсенді қатысады. Қазақстан Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі әріптесі және екі елді тығыз мәдени қатынастар байланыстырады.

Үндістан бұрынғысынша Қазақстан үшін біліктілікті арттыру курстарын қамтамасыз етеді және Үндістанның Сыртқы істер министрлігі демеушілік ететін Үндістанның техникалық-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC) бойынша түрлі салада біліктілікті арттыру аясында өз көмегін тұрақты негізде ұсынады. 1992 жылдан бастап 1100-ден астам маман ITEC бағдарламалары бойынша даярлау курстарынан өтті.

"Коронавирус пандемиясының өршуі кезінде Үндістан үкіметі гидроксихлорохин дәрі-дәрмегін Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Сол сияқты биыл біз тап болған дағдарыс кезінде Қазақстан Үндістандағы пандемиямен күресу үшін арнайы рейспен медициналық жабдықтар жеткізді, сол үшін біз Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз. Осындай терең түсіністікпен және бір-бірімізге деген өзара сыйластықпен біздің екіжақты қатынастарымыз үшін зор әлеует бар екенін көріп отырмын", – деді Елші ханым.

2021 жылдың 11-14 тамыз аралығында Алматы қаласында Праднья Йога институты, Ақмарал Қайназарова жетекшілігіндегі Үнді Классикалық Билер және Йога орталығы ұйымдастыруымен Свами Вивекананда мәдени орталығындағы (SVCC) үнді биі мұғалімі Трипти Санвал ханым үндінің классикалық биі катхак (Тарана биі), үндістандық халық билерінен, Болливуд билерінен және музыка мұғалімі, перкуссия шебері Правин Кумар Дубей мырза үнді музыкасынан шеберлік сыныптарын өткізді. 

13 тамызда Свами Вивекананда мәдени орталығы мен Ақмарал Қайназарова жетекшілігіндегі Үнді классикалық билер мен Йога орталығымен бірлесе отырып Тұран университетінде гибридті форматта онлайн мерекелік концерт өтті. Концерттік бағдарламаны Ақмарал Қайназарова ханым дайындады: үнді классикалық биі бхаратнатьям мен катхак қойылымдары, үнді және қазақ халық билері, үнді және қазақ аспаптық музыкасы, бхарататаньям мен катхак стиліндегі фьюжн, табла, домбыра және скрипка. Ақмарал Қайназарова ханым жетекшілік ететін Орталықтың 20 студенті мен Свами Вивекананда мәдени орталығының әртістерімен бағдарлама өткізілді.     

Серіктестер жаңалықтары