Алматыда Үндістан елшілігі Республика күнін атап өтті

Фото: Қазақстандағы Үндістан елшілігі
Фото: Қазақстандағы Үндістан елшілігі
1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясы күшіне еніп, Республика атанды.

Алматыда Үндістан Республикасының 76 жылдық мерейтойы атап өтілді. Айтулы шараға ҚР сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы миссиясының басшысы Жәнібек Әбдірашов, Үндістан елшісі доктор Т.В. Нагендра Прасад мырза, Астанадағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди, Алматыдағы Үндістан елшілігі өкілдігінің басшысы Свапнил Шарада, сондай-ақ дипломатия қоғамдастығы мен үнді диаспорасының 200-ге жуық өкілі қатысты.

Кеш екі елдің әнұранын шырқаумен басталды. Содан соң Жәнібек Әбдірашов пен доктор Т.В. Нагендра Прасад мырза сөз сөйлеп, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады. 

Үндістан екі ұлттық мейрамды атап өтеді: бірі – Тәуелсіздік күні, екіншісі – Республика күні. 1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясы күшіне еніп, 200 жылдан астам уақыт билеген британ билігінен тәуелсіздік алғаннан кейін Республика атанды. Содан бері бұл күн Республика күні деп атап өтіледі. Бүгінгі таңда Үндістан дәл осы Конституция қалаған іргетастардың арқасында жер бетіндегі ең ірі ғана емес, сонымен бірге ең белсенді демократиялық ел атанып отыр. 

Фото: Қазақстандағы Үндістан елшілігі

Үндістан Республикасының негізін қалаушылар елуден астам Конституциядан үлгі алып, көлемді құжат жазды. Теңдік, әділдік және бауырластықты ілгерілету үшін негізгі құрал ретінде қызмет етіп, дамып келе жатқан экожүйе мен қазіргі заманғы сұраныстарға сай 100-ден астам рет өзгертілді.

Үндістан десе 5000 жылдық өркениеті, Ведалар сияқты көне жазбалар, Йога, Аюрведа секілді бай мәдени мұрасы ойға келеді. Ел экономикасы әлемде бесінші орында тұр және жылдам дамып келе жатыр. Үндістанда жүздеген тілде, мыңдаған диалектіде сөйлейтін 1,4 миллиард халық тұрады. Оның 60%-ы – жастар.

Инвестиция, өндіріс және  үлкен нарықтың дамуы үшін мүмкіндіктер беретін жетістіктердің бір бөлігі ретінде Үндістан Айға қонған ғарыштық технологиялардың элиталық клубына қосылды. 1,36 миллиард цифрлық жеке куәлік, 968 миллион сайлаушы, 1,2 миллиардқа жуық интернет және ұялы байланыс абоненттері, 100-ден астам юникорны бар үшінші ірі стартап-экожүйесін құрды. 

"Қазір біз осында кездесіп отырсақ, Үндістанда, дәстүр мен заманауи өмір салты қатар өмір сүре алатынын дәлелдеу үшін 40 күнге созылатын "Маха Кумбх" фестивалі өтіп жатыр. Онда 400 миллионнан астам адам 12 жылда бір келетін қасиетті өзендердің тоғысқан жерінде суға шомылады. Әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын және жұмыс істейтін 30 миллионнан астам үнді сол елдердің экономикасына айтарлықтай үлес қосып жатыр. Олардың бірнешеу Fortune 500 компанияларын басқарады. Алматыда шағын болса да өте тиімді іскер қауым бар", – деді доктор Т.В. Нагендра Прасад.

Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2000 жылдан астам уақытқа созылған. Екіжақты қарым-қатынастар 2009 жылы Стратегиялық Әріптестік деңгейіне көтерілді. Екі жақтың барлық деңгейдегі тұрақты сапарлары, сонымен қатар Премьер-Министр Нарендра Моди мырзаның Қазақстанға сапарлары көп қырлы ынтымақтастықтың дамуына ықпал етті. 

Үндістан көп векторлы сыртқы саясатты жоғары бағалайды және Қазақстанмен ШЫҰ, АӨСШК және Үндістан-Орталық Азия Диалогы сияқты көпжақты ұйымдарда тығыз жұмыс істейді. Премьер-министр Моди мырза Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты және үкіметті ШЫҰ-ға төрағалық еткенін, Саммитті және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуді табысты атқарғаны үшін жоғары бағалап, құттықтады. Сыртқы істер министріміз Др. С.Джайшанкар мырза, былтыр шілде айында Астанаға сапары барысында басшылықпен кездесті. Үндістанның Жоғарғы Сот Төрағасы мен Бас сайлау комиссары қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен жылы сапармен келген болатын", – деді доктор Т.В. Нагендра Прасад.

Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Жақында Өскемен Титан Магний Комбинаты мен Indian Rare Earths Limited титан қожына арналған меморандумға қол қойды. Цифрландыру, пайдалы қазбалар, денсаулық сақтау, фармацевтика, жаңартылатын энергия – ынтымақтастықты дамытудағы болашағы бар бірнеше сала. "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі арқылы екіжақты байланыс пен сауданы нығайту көзделген. 

"Үндістан – мыңдаған жылдық дәстүрі мен бай мәдени мұрасы бар ел. Тәуелсіздік алғаннан бері Үндістан өзін жауапты және ықпалды жаһандық серіктес ретінде көрсетті. Нью-Делидің БҰҰ, ШЫҰ және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (CICA) сияқты халықаралық ұйымдардағы белсенді рөлін жоғары бағалағым келеді. Биыл біз Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 33 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – біздің елдеріміз арасындағы берік достық пен ынтымақтастықтың дәлелі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылғы қаңтар-қараша айларында шамамен 1 млрд АҚШ долларына жетті. Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытында біз үшін "Орталық Азия – Үндістан" диалогының рөлі де аса маңызды", – деді ҚР сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы миссиясының басшысы Жәнібек Әбдірашов.

Мәдени қарым-қатынастар мен біліктілікті арттыру бастамалары адамдар арасындағы тығыз байланысты нығайтты. Үндістанның дамуға көмек көрсету бағдарламасы ITEC және ICCR аясында берілетін шәкіртақылары Қазақстан азаматтарына Үндістанда білім алуға мүмкіндік береді. Астанадағы Свами Вивекананда мәдени орталығында йога мен үнді биін, музыкасы мен тілін үйренуге болады.

ITEC бағдарламасын 1400-ден астам, ICCR шәкіртақысын 200-ден астам қазақстандық пайдаланды. Қазіргі таңда 8000-нан астам үндістандық студенттер Қазақстанның медицина университеттерінде білім алып жатыр.

Елші доктор Т.В. Нагендра Прасад биыл үшінші рет "Үндістан – Орталық Азия жастары делегациясы форумы" өтетінін айта кетті. Отыз жасқа толмаған үздік жастар наурыз айында Үндістанға сапарлап, үнді тарихымен, мәдениетімен, технологиясымен танысып қайтады. Қазақстан жастары да форумға қатысуға өтініш бере алады. 

Туризм саласында үлкен серпіліс болды, әсіресе, әсем Алматыға және оның маңындағы аймақтарға барған үндістердің саны өткен жылы 100 мыңнан асты. Дели мен Алматы арасындағы тікелей әуе қатынасы сәйкесінше артты. Биыл 20 сәуірден бастап Алматы мен Мумбай арасында тікелей рейс ашылады.

Кеш қонақтары үнді биін тамашалап, дәстүрлі үнді тағамдарынан дәм татты. Іс-шара Үндістан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланысты нығайтуға арналған алаңға айналды. Үндістан елшілігі келген қонақтарға алысын айтып, құрмет білдірді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары