Алматыда ең ірі әрі адам көп баратын қоғамдық кеңістіктердің бірі – Тұңғыш президент саябағы кешенді қайта жаңартудан өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстары саябақ аумағын толық жаппай, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде негізгі жұмыстар басталатын оңтүстік бөлігі уақытша жабылады. Ал орталық бөліктен кіреберіс аркаға дейінгі аумақ келушілер үшін ашық күйінде қалады. Бірінші кезең аяқталған соң жаңартылған бөлік қайта ашылып, жұмыс келесі аумақта жалғасады. Осылайша саябақтың жекелеген аймақтары кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, жоба табиғи ландшафтты, сәулеттік шешімдерді және демалыс пен белсенді өмір салтына арналған инфрақұрылымды үйлестіретін заманауи, жайлы әрі көпфункциялы орта қалыптастыруға бағытталған. Саябақ 2010 жылы ашылғаннан бері мұнда күрделі жаңарту жүргізілмеген. Қазіргі таңда инфрақұрылымның бір бөлігі заманауи талаптарға сай жүйелі жаңартуды қажет етеді.
"Саябақ Бостандық ауданында, әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің бойында, Іле Алатауының баурайында орналасқан. Жалпы аумағы – 62,4 гектар. Мұнда орталық аллея, субұрқақтар кешені, амфитеатр, серуен аймақтары мен веложолдар, сондай-ақ тауға панорамалық көрініс ашылатын демалыс орындары бар. Қайта жаңарту барысында табиғи ортаны сақтау, жасыл желек қорын дамыту және келушілердің барлық санаты үшін қолайлы инфрақұрылым құруға басымдық беріледі. Жоба аясында кіреберіс аймағы жаңартылып, жүргіншілер бағыты көріктендіріледі, демалыс орындары жаңарып, жаңа функционалдық кеңістіктер жасақталады. Жаңарту тұжырымдамасы британиялық ландшафт сәулетшілері мен қазақстандық мамандардың қатысуымен әзірленіп, көркейтудің үздік халықаралық тәжірибесіне негізделген. Негізгі мақсат – табиғат, сәулет және заманауи демалыс мүмкіндіктері үйлесім тапқан саябақ қалыптастыру", – делінген хабарламада.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07