Биыл қарашада Алматыда құрылысы ұзаққа созылған нысандарды жоспардан тыс тексеру басталды, деп хабарлайды қала құрылысын бақылау басқармасы.
Тексеріс нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жоюға ұйғарым берілетіні және қажет болған жағдайда оны мәжбүрлеп орындауға сотқа талап-арыздар жіберілетіні хабарланады. Бұл ретте азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін нысандардың жай-күйі жайлы сараптама қорытындысы болса, созылған құрылысты бұзуға болады.
"Құрылыс нормасына сәйкес, нысанды салу жұмыстары тоқтатылған немесе 6 айдан астам мерзімге созылған кезде нысан консервациялануы қажет. Яғни құрылыс үшін пайдаланылған нысан мен аумақ негізгі құрылымдардың беріктігін, тұрақтылығын және сақталуын қамтамасыз ететін күйге келтірілуі керек. Нысан халық пен қоршаған орта үшін қауіпсіз болуы керек. Консервациялау кезінде құрылыс салушы немесе уәкілеттік берген ұйым бұл жұмысты қамтамасыз етеді. Бұл ретте алаңның қоршауында мін болмауы керек, алаңға өтетін жолдар мен өтпелер жабық болуға тиіс. Қалада 1988 жылдан бастап консервацияланған 17 құрылыс нысаны бар", – делінген әкімдік хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Соттың шешімімен Алматы тауларындағы заңсыз құрылыс бұзылады