Алматы қаласында биылғы Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбан шалуға арналған 12 арнайы орын белгіленді. Бұл туралы қаланың бас имамы Төлеби Оспан мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл Құрбан айт 27, 28 және 29 мамыр күндеріне сәйкес келеді. Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де Алматыдағы барлық 56 мешітте оқылады. Құрбандық шалу рәсімдерін ұйымдастыру үшін қала аудандарында арнайы орындар дайындалған. Аталған орындарда мешіт қызметкерлері жұмыс істеп, құрбан шалудың діни талаптарға сай орындалуын қадағалайды.
Арнайы орындар Алатау, Бостандық, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында орналасқан. Олардың қатарында "Мырзахмет", "Алғабас", "Әл-Әзим", "Нұр", "Бақыткелді", "Омар ибн әл-Хаттаб", "Аманқұл ата", "Фатима", "Райымбек батыр", "Арафат", "Қалқаман-2" және "Қайрат" мешіттері бар.
Сонымен қатар тұрғындарға онлайн форматта құрбан шалуға мүмкіндік беретін qurban.muftyat.kz платформасы қайта іске қосылды. Сайт арқылы азаматтар құрбандық шалуға тапсырыс беріп қана қоймай, мұқтаж отбасыларға ет таратуға өтініш қалдыра алады.
Бас имамның айтуынша, қаладағы барлық 56 мешітте ет қабылдайтын және оны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тарататын арнайы пункттер жұмыс істейді. Діни қызметкерлер тұрғындарды Құрбан айт кезінде санитарлық талаптарды сақтауға, құрбандық рәсімдерін тек белгіленген орындарда өткізуге шақырды.