Алматыда қолданылған суды қайта пайдаланбаған көлік жуу орындары жабылып жатыр

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Алматыда 40-қа жуық көлік жуу орнының суы өшірілді.

Алматыда қолданылған суды қайта пайдаланбаған көлік жуу орындары жабылып жатыр. Лас суды тазалап, қайта қолдануға арналған құрылғы орнатпаған кәсіпкерлерге "Алматы Су" мекемесі ауыз суды беруді доғарды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Коммуналдық мекеме мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес көлік жуу орындары ауыз суды үнемдеп пайдалануға міндетті. Яғни, қаншалықты лас болса да, пайдаланылған суды арнайы құрылғылар арқылы тазартып, қайта кәдеге жаратуға тиіс.

Су кодексі күшейгеннен кейін Алматыдағы 500-ден астам көлік жуу бекетіне талап күшейтілді. Енді кір суды тазалап, қайта қолдануға мүмкіндік беретін құрылғы орнатпаған нысандар қызметін жалғастыра алмайды. Қазірдің өзінде талапты орындамаған 40-қа жуық көлік жуу орны судан ажыратылған.

Кәсібінен айырылып қалмау үшін көптеген көлік жуушылар лайды тазалайтын қондырғыларды жедел орнатуға кіріскен. Мұндай құрылғылардың құны шамамен 1–1,1 миллион теңге, ал суды үнемдеу көлемі 50–60 пайызға дейін жетеді. Алайда кәсіпкерлер қосымша шығындардың да бар екенін айтады: электр қуаты, химиялық қоспалар мен қызмет көрсету шығындары.

Мамандардың айтуынша, тазалаудан өткен судың көлікке зияны жоқ. Дегенмен, бұл талап қызмет бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

"Алматы Су" өкілдері көлік жуу орындарына бірнеше рет ескерту жасалғанын атап өтті. Соңғы ресми ескерту желтоқсан айында берілген. Алайда талап орындалмаған соң, 15 қаңтардан бастап су беруді уақытша тоқтату шаралары басталған.

Айта кетейік, ауыз суды пайдаланатын көлік жуу орындарына тазарту құрылғыларын орнату талабы 2015 жылдан бері бар. Бірақ Су кодексіне өзгерістер енгізіліп, Президент қол қойғаннан кейін ғана бұл талап нақты орындала бастады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары