Тікелей эфир

30-летие независимости Казахстана
Алматыда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт өтті

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тәуелсіздіктің тарихы Алматыдан бастау алады.

Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі. 30 жыл бұрын ел егемендігін жариялағаннан кейін тарихи-саяси оқиғалар дәл осы қалада болды. Маңызды шешімдер қабылданды, азат елдің алғашқы құжаттарына қол қойылды. Тұңғыш президенттің алғаш ант беру рәсімі де Алматыдағы Республика сарайында өтті. Осыған орай аталған ғимартта концерт ұйымдастырылып, тәуелсіздіктің куәсі болған тұлғалар мен өнерпаздар қатысты.

Концерт карантиндік талаптар қатаң сақталып өткізіліп, оған Алматы халқы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш президент ант берген сахнада патриоттық әндер шырқалып, рухты поэзиялар оқылды. Тағаны берік, тұғырлы елдің толайым табыстары айтылып, патриоттық қойылымдар сахналанды.

Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы, Тәуелсіздіктің жариялануы мен егемен Қазақстанның рәміздері дәл осы Алматыда бекітілді. Тұғыры ,ерік мемлекеттік құрылымдарды жасақтау туралы жарлыққа да Алматыда қол қойылды. Сондықтан бұл қаланы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі деп атайды.

"Алматы – Тәуелсіздіктің ең бірінші тұғыры. Экономика жағынан да, мәдениет, ғылым жағынан да, халықтар бірлігі жағынан да Алматының рөлі ерекше. Ол – ең көп ұлттан құралған үлкен қала", – деді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.

"Ана тілі" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай азаттық алғаннан кейін әлем Қазақстанның дамуына зер салғанын айтады. Оның сөзінше, жаһан мемлекеттері мойындаған дербес ел 30 жылда "орда" бұзды, экономикалық тұрғыда қарқынды дамыған.

"Тәуелсіздіктен асқан құндылық болмайды. 30 жылда мысалыға еліміз аяғына тік тұрды. Жаңа тұрпаттағы мемлекеттің негізі қаланды. Сондықтан Тәуелсіздіктің орны бөлек. Тәуелсіздіктің тарихы Алматыдан бастау алады. Мұнда төл теңгемізден бастап ұлтаралық келісімдер мен Азия қауіпсіздігіне алғашқы қадам сынды маңызды шешімдер қабылданды", – деді Қали Сәрсенбай. 

Материал Алматы әкімдігінің қолдауымен дайындалды

Серіктестер жаңалықтары